Алматы облысында автокомпоненттер шығаратын жаңа зауыт ашылды

Алматы облысында автокомпоненттер шығаратын жаңа зауыт ашылды

22.08.2025 18:08:15 158

Алматы облысы өңдеуші өнеркәсіп саласында өз позициясын нығайтып келеді. Жамбыл ауданындағы «Қазыбек бек» индустриалды аймағында автокомпоненттер мен автоаксессуарлар шығаратын «QazElastoPlast» зауытының ашылу салтанаты өтті. Жаңа өндіріс орны өңірдегі жұмыспен қамтуды арттыруға және бейресурстық секторды дамытуға бағытталған.

Зауытқа 600 миллион теңге инвестиция құйылып, алғашқы кезеңде аудан тұрғындары үшін 30 жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпорын жылына 150 мыңнан астам автомобиль кілемшесін шығаруға қауқарлы. 2027 жылға қарай өнім түрлерін 100 үлгіге дейін кеңейтіп, өндіріс көлемін 230 мыңнан астам жиынтыққа жеткізу жоспарланып отыр.

Жұмыспен қамтудың өсуі өндірістік кәсіпорындардың ашылуы мен кеңеюімен тікелей байланысты. Соңғы үш жылда Алматы облысында 176 320 жаңа жұмыс орны құрылды: 2022 жылы – 37 198, 2023 жылы – 68 440, 2024 жылы – 70 682.

Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ақниет Тұрысбекұлы зауыттың өңір үшін маңызын атап өтті: «Алматы облысы дәстүрлі түрде агроиндустриялық аймақ болып саналады. Соған қарамастан, біз жаңа өнеркәсіп кластерлерін белсенді түрде дамытып келеміз. Теміржол ауылдық округінде ашылған бұл зауыт осы бағыттағы маңызды қадам болды. Ол жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, өнеркәсіптің дамуына серпін береді. Қазыбек бек станциясына жақын орналасуы және ірі автомагистральдардың торабында орналасуы жобаның облыс үшін стратегиялық маңызға ие екенін көрсетеді», – деді ол.

Зауыттың ашылу рәсімі аясында «Астана Моторс» және «Hyundai Auto Kazakhstan» сияқты жетекші компаниялармен ынтымақтастық жөніндегі келісімдерге қол қойылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1055625?lang=kk