NU білім беру жүйесін түбегейлі өзгертті – министр Саясат Нұрбек
26.08.2025 11:12:12 41
NU білім беру жүйесін түбегейлі өзгертті – министр Саясат Нұрбек
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Nazarbayev University (NU) ұжымын 15 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Университеттің 15 жылдығына арналған таун-холл өтіп, оған университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлер қатысты. Шара барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бейнеүндеу жолдады.
Министрдің айтуынша, идеядан өрбіген университет қазақстандық білім беру жүйесін түбегейлі жаңартты. Бұл – жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулердің, әлемнің үздік ғалымдарының қатарындағы профессорлардың және жоғары деңгейдегі ғылыми жарияланымдардың нәтижесі.
«NU Қазақстан бойынша білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру мен жаңашылдықтың басты қозғаушы күшіне айналды. Әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестік орнатып, жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамамызды жүзеге асыруда жарқын үлгі көрсетті. NU еліміздің білімге және инновацияға негізделген экономикаға көшу үдерісінде орталық рөл атқарды. Бүгінде ірі тілдік модельдер, суперкомпьютерлер мен генеративті жасанды интеллект арқылы ол тағы да көш бастап, Қазақстанның жасанды интеллектке негізделген экономикаға өтуіне жол ашып отыр», – деді министр.
Сондай-ақ министр Саясат Нұрбек NU-дің Қазақстанда ашылып жатқан шетелдік университеттердің филиалдары үшін жоғары білікті оқытушылар мен зерттеушілер даярлайтын негізгі орталыққа айналатынына сенім білдірді.
NU Президенті, профессор Вакар Ахмад университет жетістіктерінің қатарында жаңа академиялық бағдарламалардың іске қосылуын, халықаралық сапа стандарттарына сай екенін растайтын Quality Assurance Agency for Higher Education (QAA) агенттігінің аккредитациясын, Times Higher Education жаһандық рейтингіндегі табыстарды, ғылыми зерттеулер мен студенттік жобаларды атады.
«Ғылыми зерттеулер, білім беру, студенттік тәжірибе және әлеуметтік әсер саласындағы жетістіктеріміз болашаққа берік негіз қалап отыр. Бүгінде бізде жаңа белестерді бағындыруға мүмкіндік беретін платформа бар. Бұл – университеттің ғана емес, тұтас елдің мақтанышы. Алдағы даму бағытын айқындау үшін жаңа институционалдық стратегияны аяқтауға жақынбыз», – деді ол.
Салтанатты жиында білім беру жүйесін дамытуға елеулі үлес қосқан қызметкерлер ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің марапаты мен дипломдарын иеленді.
Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің оқытушысы Katherine Erdman, қауымдастырылған профессорлар Paula Dupuy мен Nikolay Tsyrempilov «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен марапатталды. Филология профессоры Айгүл Исмақова «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» белгісін алды.
Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің профессорлары Ferhat Karaca, Zhumabay Bakenov, ассистент-профессор Айбек Ниеткалиев және Медицина мектебінің қауымдастырылған профессоры Jonas Crus «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
20-дан астам оқытушы мен қызметкер «Ғылым үздігі» ведомстволық дипломдарымен, алғыс хаттармен, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы құрмет белгілерімен, құрмет грамоталарымен марапатталды. Сондай-ақ университетте 10 жылдан астам еңбек еткен қызметкерлерге құрмет көрсетілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1056720?lang=kk