Іріктеу аяқталды: Қазақстан Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына 1700-ден аса талапкер қабылданды

Іріктеу аяқталды: Қазақстан Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына 1700-ден аса талапкер қабылданды

27.08.2025 16:22:05 255

Қорғаныс министрлігінің әскери жоғары оқу орындары мен колледждерінің қабылдау комиссиялары дене шынықтыру даярлығы мен жалпы білім беру пәндері бойынша тесттерден сәтті өткен барынша дайындалған талапкерлерді іріктеп алды.

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтына (ҚӘӘИ) түсуге ниетті 590-нан аса үміткердің 350-ден көбі қабылданды.
Конкурстық іріктеу Құрлық әскерлері үшін дайындық бағыттарының кең спектрін қамтитын 7 мамандық және 16 біліктілік бойынша өтті. Олардың ішінде «барлау бөлімшелерін басқару» және «мотоатқыштар бөлімшелерін басқару» мамандықтарын талапкерлер көбірек таңдаған.

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының тізіміне 360 үміткердің 200-ден астамы ілінді. Осы жылдан бастап осы жоғары оқу орнына «әскери істегі криптология» және шығыс тілдері бойынша «халықаралық әскери қатынастар және аударма ісі» атты жаңа білім беру бағыттары ашылды. Мамандарды даярлау қазақстандық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарымен бірлесіп екі дипломдық білім беру форматында жүзеге асырылатын болады. Конкурстық іріктеу 7 мамандық және 12 біліктілік бойынша өтті. Биылғы жылы осы оқу орнында ең көп сұранысқа ие мамандық «ақпаратты қорғау технологиясы және ұйымдастыру» болды.

Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институтына 600-дің үстінде өтініш келіп түсті, алайда оның тек 260-тан астамы ғана курсант атанды. Конкурстық іріктеу 7 мамандық және 15 біліктілік бойынша өтті.
Әскери білім ордасында оқығандар ұшқыштар, инженер-техниктер, теңізшілер және әскери дәрігерлер мамандықтарын алады. Медициналық бейіндегі мамандарды оқыту Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің базасында жүзеге асырылатын болады. Ал теңіз кафедрасының курсанттары Ақтөбе әскери жоғары оқу орнында екі жыл оқығаннан кейін Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде мамандықты игеруді жалғастырады. Бұл оқу орнында «мемлекеттік авиациядағы әуе кемелерін ұшуға пайдалану» және «әскери медицина» мамандықтары ерекше танымал.

«Сарбаз 2.0» бағдарламасы аясында әскери институттарға түскен мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер мен борышын өтеген азаматтардың жалпы саны 128 адамды құрағанын айта кетелік.

ҰҚШҰ-ға мүше елдердің ынтымақтастығы шеңберінде Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтары ҚӘӘИ-да оқудан өтеді. Олар жас жауынгер курсын игеріп, өз Отанында ант қабылдағаннан кейін Алматыға келеді. Айта кетер болсақ, рейтинг негізінде курсанттар іріктеліп, шет мемлекеттердің әскери жоғары оқу орындарына оқуға жіберіледі.
Бұдан бөлек, әскери оқу орындарына кәсіби сержанттарды даярлау бойынша 900-ден астам адам қабылданды. Олар Астанадағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжі, Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжі, Шымкенттегі Сабыр Рахымов атындағы әскери колледжі, Қарағандыдағы Талғат Бигелдинов атындағы әскери колледжі және Ақмола облысы Щучинск қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжде оқитын болады.

Әскери оқу орындарының тізіміне енген үміткерлерді алда жас жауынгер курсы күтіп тұр. Бір ай ішінде олар саптық, атыс және дене шынықтырудан дайындықтарынан өтеді, жалпы әскери жарғылармен танысады, практикалық атыстарды орындайды, содан кейін әскери ант береді. Өз өмірін Отанға қызмет етуге арнауға дайын жастар осылайша кәсіби дамудың жаңа кезеңін бастады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1057780?lang=kk