Астана маңында алғашқы әскери және технологиялық дайындық оқытушыларының жиыны өтті

Астана маңында алғашқы әскери және технологиялық дайындық оқытушыларының жиыны өтті

28.08.2025 16:50:22 211

Елорда маңындағы Мичурино ауылында алғашқы әскери және технологиялық даярлық (АӘТД) оқытушыларымен жыл сайынғы оқу-әдістемелік жиын өтті.

Үш күн ішінде Астана колледждері мен мектептерінің педагогтары жалпыәскери жарғылардан дағдыларын бекітті, саптық даярлық, ату және жаппай қырып-жою қаруынан қорғаныс құралдарын қолдану машықтарын жетілдірді.

– Жиынға 200-ден астам оқытушы қатысты. Олардың арасында Қарулы күштер мен басқа да күш құрылымдарының ардагерлері бар. Бұған дейін ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде басшылық қызмет атқарғандар да болды. Бәрі де жастарды тәрбиелеуге зор үлес қосуда, – деді Астана қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі запастағы полковник Ғани Артықов.

Жиын барысында әскери-патриоттық тәрбиеге қатысты заңның жаңа нормаларын іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар заң ережелерін оқу орындарының білім беру процесі мен тәрбие қызметіне енгізу бойынша практикалық қадамдарды талқылады.

– Жиын жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Біз көптеген өзекті ақпарат алдық. Қарулы күштерде мен ширек ғасырдан астам қызмет еттім, міне алғашқы әскери дайындықтан сабақ беріп жүргеніме 3 жарым жыл болды. Мұндай шаралар бізге біліктілікті арттыруға, тәжірибе алмасуға және әскери істі оқытуда әдістемелік тәсілдерді жетілдіруге мүмкіндік береді, – деп атап өтті Қасым Қайсенов атындағы №27 мектеп-лицейінің оқытушысы запастағы полковник Нұрлан Қадыржанов.

Іс-шара жаңа оқу жылына дайындықтың маңызды кезеңі болды. Бұл оған қатысқандарға өз жетістіктерімен алмасуға және АӘТД-ты оқытудың жаңа тәсілдерін талқылауға мүмкіндік берді.

Конституцияның 30 жылдығына орай жастармен әскери-патриоттық жұмысқа белсенді қатысқаны үшін бірқатар оқытушылар Астана қаласы әкімінің атынан алғыс хатпен марапатталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1058490?lang=kk