Астанада Тыл қызметінің үздіктері марапатталды

Астанада Тыл қызметінің үздіктері марапатталды

28.08.2025 20:21:22 156

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы елордалық әскери колледжде Тыл қызметі күніне арналған салтанатты шара өтті.

Мерекеге Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Қарулы күштер түрлері мен әскер тектерінің тыл қызметі құрамының өкілдері, ардагерлер және оқу орнының курсанттары қатысты. Қорғаныс министрінің атынан құттықтау сөз сөйлеген оның тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары вице-адмирал Серік Борамбаев тыл бөлімшелерінің әскердің күнделікті тіршілігі мен жауынгерлік қабілетін қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті. Ол әскери қызметшілерге кәсіби шеберліктері мен қызметке деген адалдықтары үшін алғыс білдірді. Салтанатты рәсім барысында вице-адмирал Серік Борамбаев бірқатар әскери қызметшілерге министрдің атынан «Ел қорғаны» медалін, «Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің үздігі» төсбелгісін және алғыс хаттар табыс етті.

Сонымен қатар, Қарулы күштердегі тыл қызметінің бөлімшелері арасындағы байқау жеңімпаздары анықталды. Ең үздік рота шаруашылығы, асхана, монша-кір жуу кешені, азық-түлік, киім-кешек, жанар-жағармай қоймалары, автожанармай құю бекеті мен өрт сөндіру депосы марапатқа ие болды. Жеңімпаздарға марапаттарды Тыл бастығы полковник Арман Мансұров табыстады. Өз кезегінде Тыл ардагерлер кеңесінің төрағасы запастағы генерал-майор Қажығали Мұқатов Қорғаныс министрінің бастамасын жалғастыра отырып, «Мектепке жол» акциясы аясында әскери қызметшілердің балаларына мектеп сөмкелерін тарту етті.

Шара соңында ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық ансамблі әсерлі концерт қойып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1058679?lang=kk