МУЗЕЙ ҚОРЫ ЖӘДІГЕРЛЕРМЕН ТОЛЫҚТЫ
02.09.2025 19:40:30 320
Жетісу облысының тарихи-мәдени қара шаңырағы саналатын Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры жәдігерлермен толықты. Жетісу облысы, Ескелді ауданының тұрғыны Алдаберген Есенаманов Биғаш ауылынан табылған бірегей археологиялық заттарды музей қорына табыстады. Олардың қатарында ерте дәуірге жататын тас қайрақтар, қола пышақ пен қола ауыздық, садақ ұштары, мыс тиындар және түймелер ерекше орын алады. Бұл жәдігерлер – Жетісу жерінің бай тарихынан сыр шертетін, дала өркениетінің құнды мұралары болып саналады.
Ұлт тарихын қадір тұтып, оның әрбір мұрасын ұрпақ үшін мұражайға аманаттап жүрген азаматтардың игі істері көпшілікке үлгі. Осының нәтижесінде ұлт руханияты өз құндылығын жоғалтпай, жаңғыра бермек.
Алдағы уақытта қабылданған жәдігерлер музей экспозициясынан орын алып, көпшілік назарына ұсынылатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-archive/press/news/details/1060802?lang=kk