Қазақстан мен Моңғолия инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады

Қазақстан мен Моңғолия инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады

04.09.2025 20:20:34 188

Астана, 2025 жылғы 4 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров пен ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов Моңғолия Ұлы мемлекеттік хуралының төрағасы Дашзэгвий Амарбайсгалан бастаған моңғол парламенттік және іскерлік делегациясымен кездесті.

Тараптар инвестициялық және сауда-экономикалық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылады. Ерекше назар инвестицияларды тарту тәжірибесімен алмасуға және бірлескен жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға аударылды.

Келіссөздер барысында Қазақстан мен Моңғолияның сауда, көлік-логистика инфрақұрылымы, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен бастамаларды дамытуға мүдделі екені аталып өтті. Өндірісті жергіліктендіру, жаңа кооперациялық тізбектерді қалыптастыру және цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері қаралды.

«Бүгінгі кездесу – Қазақстан мен Моңғолия арасындағы экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетудегі маңызды қадам. Біз шикізаттық емес секторларда серіктестікті кеңейту үшін айтарлықтай әлеуетті көріп отырмыз және инвесторларға толық қолдау көрсетуге дайынбыз. Сонымен қатар бірқатар қазақстандық компаниялар да өндірістер ашу және сауданы дамыту арқылы Моңғолия нарығына шығуға қызығушылық танытуда», – деді Ә.Қуантыров.

«Біздің мемлекеттер басшылары екіжақты тауар айналымын 500 млн АҚШ долларына жеткізу жөнінде өршіл мақсат қойды. Өз кезегінде, Моңғолия қазақстандық инвесторларды белсенді тартуды көздейді, өйткені елдеріміз ауыл шаруашылығы, сауда және өнеркәсіп салаларында бірлескен жобаларды табысты жүзеге асыру үшін өзара толықтыратын мүмкіндіктерге ие», – деп айтты Д.Амарбайсгалан.

Қазіргі уақытта екі ел арасындағы тауар айналымы тұрақты динамиканы көрсетіп отыр: 2024 жылы ол 123,9 млн АҚШ долларын құрады. Мемлекет басшыларының және парламент делегацияларының сапарлары барысында жоғары деңгейдегі саяси диалог пен парламентаралық ынтымақтастық расталды.

Өз баяндамасында Ғ.Оспанқұлов Қазақстандағы инвестицияларды тарту жүйесі туралы жан-жақты айтты. Ол елде инвесторларды сүйемелдеудің үш деңгейлі моделі жұмыс істейтінін, «бір терезе» қағидаты, ірі шетелдік компанияларды тартудың таргеттелген тәсілі және аймақтық және салалық даму басымдықтарына сәйкес жобаларды қалыптастыруға мүмкіндік беретін «инвестициялық тапсырыс» тетігі бар екенін атап өтті.

Кездесу қорытындысында сұрақ-жауап сессиясы өтті. Моңғол делегациясының мүшелері «бір терезе» қағидатының жұмысы, «инвестициялық тапсырыс» тетігі және жобаларды сүйемелдеудің практикалық құралдарына қызығушылық танытып, сұрақтар қойды. Қазақ тарапы инвесторлардың мақсатты тізімдерін қалыптастыру, әкімшілік кедергілерді азайту және ведомствоаралық өзара іс-қимылды ұйымдастыру тәжірибесімен бөлісті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1062321?lang=kk