Б.Римова атындағы драма театры 50 жылдық мерейтойын тойлады

Б.Римова атындағы драма театры 50 жылдық мерейтойын тойлады

15.09.2025 16:30:57 184

Осы күні «BIKEN FEST ІІІ» театр фестивалі де мерейтойлық шарамен ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаев, Қазақ КСР халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртістері Нұржұман Ықтымбаев, Лидия Каденова, Досқан Жолжақсынов және басқа да өнер қайраткерлері, сол сияқты фестивальға таяу шетелдерден және еліміздің өзге де өңірлерінен арнайы келген театр ұжымдары қатысты.

Мерекелік шара прологпен басталып, театрлар шеруімен жалғасты.  Әзербайжаннан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Грузиядан, сондай-ақ Абай, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласынан келген театр өнерпаздарын көпшілік ыстық ықыласпен қарсы алды. 

Жиында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Бейбіт Исабаев Бикен Римова атындағы драма театрының мерейтойына алыстан арнайы келген құрметті қонақтарға жылы лебізін білдіріп, бұл Жетісудың ғана емес, ұлт руханиятының ортақ тойы екенін жеткізді. Сол сияқты театрға академиялық мәртебе беру туралы Мемлекет басшысының бастама көтеруі өнер ұжымына көрсетілген зор сенім екенін де атап өтті.

– Биыл Бикен Римова атындағы драма театрының құрылғанына 50 жыл толып отыр. Осы құтты шаңырақтан елу жылда қаншама  өнерпаздар өсіп-жетіліп, тәрбиеленіп шықты. Өнер ұжымының жарты ғасырлық қажырлы қызметінің арқасында театр халықтың жүрегіне жол тауып, өзінің лайықты орнын қалыптастырды. Үлкен руханият мектебіне, ұлттық өнердің алтын діңгегіне айналды. Сонымен қатар Жетісу облысында «BIKEN FEST» халықаралық фестивалі осымен үшінші жыл қатарынан өтуде. Фестиваль тәжірибе алмасу алаңына айналып, өнерде шекара жоқ екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Жарты ғасырлық мерейлі белеске абыроймен жеткен театр ұжымына алдағы уақытта жаңа жетістіктер, биік белестер, халықаралық фестивальдің жұмысына табыс тілеймін, – деген Бейбіт Исабаев театр ұжымына жүк көлігінің кілтін сыйға тартты.

Мұнан соң сахнада ҚР Парламенті  Сенатының  Төрағасы Маулен Әшімбаевтің және ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның  құттықтау хаттары оқылды. Бұл құттықтауларда Бикен Римова атындағы тетардың ұлт мәдениетін өркендетуге қосқан үлесі, осы ұжымның замауани театр өнерін дамыту жолындағы қажырлы еңбегі атап өтілді.

Салтанатты жиын бұдан әрі мерекелік концертпен жалғасып, MEZZO тобы, эстрада әншісі Әсет Есжан, сол сияқты Д.Рақышев атындағы облыстық филармония әртістері өнер көрсетті.

Осы күні қонақтар театр фойесіне қойылған өнер ордасының тарихына арналған көрмені тамашалады. 

Атап өтсек, «BIKEN FEST» халықаралық фестивалі 13-17 қыркүйек аралығында өтеді. Осы күндері шетелдік және еліміздегі 9 театр, нақтырақ айтқанда Өзбекстанның Бұхара мемлекеттік музыкалық драма театры, Токтоболот Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театры, Әзірбайжанның М. театры, Грузияның Георгий Ратиани атындағы Сухуми жастар театры, Абай атындағы Абай облыстық қазақ музыкалық драма театры, Шығыс Қазақстан облыстық драма және опера театры, Шымкент қалалық академиялық драма театры, Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық драма театры, Әзербайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры өз қойылымдарын жетісулық көрермендерге ұсынбақшы. 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-archive/press/news/details/1068033?lang=kk