«AMANAT» партиясы Жаңаталаптағы өзен суына қатысты мәселені көтерді
10.09.2025 13:40:50 738.png)
2025 жылдың 10 қыркүйегінде Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының қалалық филиалы жанындағы Экологиялық кеңестің көшпелі отырысы өтті. Жиын Жаңаталап елдімекенінде ұйымдастырылып, онда жергілікті тұрғындар үшін аса өзекті мәселе – Бадам өзенінің суын пайдалану жайы талқыланды.
Кеңес жұмысына партияның қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Экологиялық кеңестің төрағасы Жеңісбек Тұрғанов, Тұран аудандық филиалының атқарушы хатшысы Есімхан Бертаев, «Жайлы ортаны дамыту» басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Абдрахманов, аудан әкімдігі мен Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.
Осындай деңгейде түрлі құрылымдардың бірлесе жиналуы мәселенің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Себебі әңгіме тек экологиялық жағдайға ғана емес, ауыл халқының күнделікті өміріне, тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін су ресурстары туралы болды.
Бүгінгі таңда Жаңаталаптан өтетін Бадам өзенінің жағалауын бетондау жұмыстары жүргізілуде. Жоба төтенше жағдайлардың алдын алуды, өзен арнасын бекітуді және жергілікті жердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Мұндай қадам гидротехникалық тұрғыдан орынды көрінгенімен, жергілікті халық арасында алаңдаушылық туғызды.
Ауыл тұрғындарының пікірінше, аталған құрылыс жұмыстары аяқталған соң, олар өзен суынан айырылуы мүмкін. Бұл жағдай ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізеді. Өйткені Жаңаталап халқы ондаған жылдар бойы егістік пен бау-бақшаларын осы өзен суымен суғарып келген.
«Біздің ауыл Бадам өзенінің суына қарап отыр. Бағымыз да, бақшамыз да, алқаптағы ағаштарымыз да осы судан нәр алады. Соңғы кездері ағаштар қурап барады. Егер су тоқтаса, бүтін бір ауыл сусыз қалмақ», – деді жиналған тұрғындардың бірі.
Бұл мәселеге байланысты «Жайлы ортаны дамыту» басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Абдрахманов түсініктеме берді. Оның айтуынша, су бұратын аумақтың бір бөлігі жекеменшікке өтіп кеткен. Бұл жағдай суды әділ пайдалану жолында кедергі келтіріп отыр.
«Қазіргі таңда суды бұратын маңызды жер телімі жеке меншікке берілген. Мәселені шешудің бір ғана жолы бар – ол жерді мемлекет меншігіне қайтару. Егер сіздер, ауыл тұрғындары, көршілеріңізбен келісімге келсеңіздер, біз тиісті жұмыстарды жылдам атқарып, судың ауылға жетуін қамтамасыз етеміз», – деді ол.
Жиналған ауыл тұрғындары бұл пікірді мұқият тыңдап, белгілі бір деңгейде түсіністікпен қабылдады. Дегенмен, олар өз талаптарын да ашық жеткізді: басты шарт – ауыл шаруашылығына қажетті судың тоқтаусыз берілуі.
«Сусыз ауылдың болашағы жоқ. Жастар қалаға көшіп кетеді, бау-бақша, егістік қурайды, мал шаруашылығы тоқтайды. Су болмаса, Жаңаталаптың тіршілігі де тоқтайды», – деді тағы бір тұрғын.
Осылайша халық билік өкілдеріне ауыл өмірінің суға тәуелді екенін айқын жеткізді.
Тараптар мәселені кезең-кезеңімен шешу жөнінде келісімге келді. Ең алдымен, жекеменшікке өтіп кеткен жерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесі қарастырылатын болды. Кейіннен су арнасын дұрыс бағыттау, ауылға қажетті көлемде суды жеткізу үшін тиісті жұмыстар атқарылады.
Сонымен қатар, алдағы уақытта осындай жобаларды жүзеге асырарда жергілікті халықтың пікірі міндетті түрде ескерілетіні айтылды. Бұл – тұрғындардың сенімін нығайтып, әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудың негізгі кепілі.
Жаңаталаптағы жағдай тек бір ауылдың мәселесі емес. Бұл – бүкіл өңірге тән ортақ проблема. Оңтүстік Қазақстандағы ауылдардың басым бөлігі өзен-көлдер мен каналдардың суына тәуелді. Сондықтан кез келген гидротехникалық жоба жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайымен тікелей байланысты болуы тиіс.
Суды үнемді пайдалану, заңсыз жерді мемлекетке қайтару, экологиялық тепе-теңдікті сақтау – осының барлығы ауылдың ғана емес, тұтас қаланың дамуы үшін маңызды.
Бұл оқиғада «AMANAT» партиясы халық пен билік арасындағы дәнекер қызметін атқарды. Партияның Экологиялық кеңесі ұйымдастырған көшпелі жиын ауыл тұрғындарына өз мәселелерін тікелей жеткізуге мүмкіндік берді.
Осындай кездесулер халықтың сенімін арттырып, билікке деген ашық диалогты қалыптастырады. «AMANAT» партиясының бастамасы арқылы тұрғындар өз проблемалары назардан тыс қалмайтынын көріп отыр.
Жаңаталаптағы жиын қоғамға үлкен сабақ болды. Бір жағынан, төтенше жағдайлардың алдын алу үшін өзен жағалауын бекіту қажет. Екінші жағынан, ауылды судан айыруға болмайды. Су – тіршіліктің негізі, ауыл шаруашылығының тірегі.
Осы орайда тараптардың ортақ келісімге келуі – оң қадам. Алдағы уақытта кезең-кезеңімен жүзеге асатын шаралар ауыл халқының мүддесін қорғап, ауылдың болашағын сақтап қалуға бағытталмақ.
Қала мен ауыл тұрғындарының белсенділігі, билік органдарының ашықтығы және «AMANAT» партиясының бастамашылдығы арқасында бұл мәселенің оң шешімін табатынына сенім мол.