ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІ АРАСЫНДАҒЫ ДОСТЫҚ ПЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ РӨЛІ
20.09.2025 13:31:05 158🔹Бүгін Шымкент қаласында «Орталық Азия елдері арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
🔹Бұл басқосудың негізгі мақсаты – Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім мен татулықты нығайтудағы тәжірибесін талқылап, Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты дамытудың жаңа мүмкіндіктерін айқындау. Жиында ұлтаралық достықты сақтау ісінде қалыптасқан үлгілер сараланып, мемлекетаралық қарым-қатынастардың жаңа бағыттары сөз болды.
🔹Алқалы шараның шымылдығы «Дўстлик» қауымдастығының төрағасы Икрамжан Хашимжановтың алғысөзінен басталды. Ол өз сөзінде: «Қазақстан халқы Ассамблеясы – татулықтың темірқазығы, ол Орталық Азия елдері арасындағы достыққа да берік көпір болып келеді», – деп атап өтті.
🔹Бұдан кейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Қайрат Баймолдинов сөз сөйлеп: «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның ХХХІІ сессиясында бейбітшілік пен келісімді нығайту жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Бүгінгі конференция – сол міндеттердің іс жүзіндегі көрінісі», – деді.
🔹Жиын барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік интеграцияны дамытудағы рөлі, жас ұрпақтың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастырудағы орны, ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастық мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да көршілес мемлекеттердің достық пен келісімді нығайту тәжірибелері ортаға салынды.
🔹Баяндамашылар Орталық Азиядағы этнос өкілдерінің бірлігін нығайту – өңірлік тұрақтылықтың темірқазығы екенін атап өтті. Қатысушылар мәдени байланыстарды арттырудың жаңа қырларын, елдер арасындағы серіктестікті бекітудің тиімді жолдарын ғылыми тұрғыда зерделеді.
🔹Қорытынды бөлімде қатысушылар пікір алмасып, ұсыныстарын ортаға салды. Жиын барысында Өзбекстаннан келген сарапшы Фармон Тошев: «Ұлтаралық келісім – ел дамуының кепілі. Қазақстан тәжірибесі бүкіл Орталық Азияға үлгі бола алады», – деп атап өтті.
🔹Осылайша, Шымкент төрінде өткен халықаралық конференция татулық пен достықтың алтын көпіріне айналып, мемлекеттер арасындағы ізгі қадамдардың жаңа белесін айқындады. Ұлы Даланың рухани кіндігінде бастау алған бұл басқосу – Орталық Азия елдерін бірлікке шақырған бейбітшілік үні, болашаққа бағытталған сенім мен ынтымақтың айқын айғағы болды.
#ҚХА30жыл #30летАНК #Шымкент #Shymkent #АНК #ANK