Қазақстанда тәуелсіз директорлар институтын күшейту жоспарлануда
13.10.2025 20:48:45 94
Банктер туралы жаңа заң жобасы шеңберінде корпоративтік басқару сапасын және қадағалау тетіктерінің тиімділігін арттыру мақсатында банктерді реттеуді жетілдіру жөніндегі шаралар көзделді.
Бұл туралы «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын Парламент Мәжілісінде таныстыру барысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова хабарлады. Заң жобалары Мемлекет басшысының 2024 және 2025 жылдардағы Жолдауларын іске асыру мақсатында әзірленді.
Өзгерістер үш бағыт бойынша топтастырылған: корпоративтік басқаруды дамыту, реттеу құралдарын жетілдіру және қолданыстағы нормаларды оңтайландыру.
«Заң жобасында тәуелсіз директорлар шешімдерінің объективтілігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін олардың институтын күшейту көзделеді. Тәуелсіз директорлардың тәуелсіздігіне қосымша талаптар енгізіледі, сондай-ақ директорлар кеңесінде болудың ең көп мерзімін 9 жыл деп белгілеу көзделеді», – деп атап өтті Агенттік Төрағасы.
Сонымен бірге халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес банкпен ерекше қатынастармен байланысты тұлғалардың тізбесі кеңейтіледі.
Активтерді экономикалық айналымға жедел қайтару мақсатында, банк тобының балансындағы өндіріп алынған мүліктің болуына үш жылдан аспайтын мерзімге шектеу енгізіледі.
«Уәжді пайымдау тетігін қолдану кеңейтіледі. Тәуекелдер, ішкі аудит және комплаенс бөлімшелерінің басшыларына қойылатын талаптар белгіленеді», – деп толықтырды Мәдина Әбілқасымова.
Сонымен бірге, нормативтік базаны оңтайландыру шеңберінде ескірген және қайталанатын нормалар алып тасталады. Акционерлер мен басшылық құрамға қойылатын талаптар бір ретке келтіріліп, «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Заңға көшіру көзделеді.
Банктер туралы жаңа заң жобасында технологиялық өзгерістер, экономиканы қаржыландырудағы банк секторының рөлін арттыру, бәсекелестікті күшейту және нарыққа жаңа қатысушыларды тарту, сондай-ақ қаржылық-технологияларды ілгерілету және цифрлық активтердің айналымын ырықтандыру мәселелері ескеріледі.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/press/news/details/1071056?lang=kk