Қарағандыда «Ауыл береке – 2025» күзгі жәрмеңкесі басталды: 50 тоннадан астам сиыр еті төмендетілген бағамен ұсынылды
14.10.2025 08:26:26 104
2025 жылғы 20 қыркүйекте Қарағанды қаласындағы «Global City» сауда-ойын-сауық орталығы аумағында дәстүрлі «Ауыл береке – 2025» атты күзгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің ашылуы өтті. Маусым сайын ұйымдастырылатын бұл шара биыл да қала тұрғындарының қызығушылығын тудырып, сапалы әрі қолжетімді өнімдерді сатып алуға тамаша мүмкіндік ұсынды.
Жәрмеңкеде халықтың ерекше назарын аударған өнім — сиыр еті болды.
Сауда алаңына 50 тоннадан астам сиыр еті жеткізіліп, ол нарықтық бағадан 10–15%-ға төмен бағамен сатылды. Бұл баға саясаты қазіргі экономикалық жағдайда тұрғындар үшін өте тиімді. Сонымен қатар, жәрмеңкеде қой еті, жылқы еті, құс еті, сүт және сүт өнімдері, балық пен балық өнімдері, көкөністер, жұмыртқа, жарма және басқа да тауарлар ұсынылды.
Жәрмеңкеге облыстың жеті ауданынан және қаладағы өңдеу кәсіпорындарынан келген 90-нан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қатысты. Барлығы 120 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі сатылымға шығарылды. Оның ішінде: 52,2 тонна ет, 25 тонна картоп, 7 тонна көкөніс, 16 тонна сүт өнімдері, 4 тонна балық және балық өнімдері, 175 мың дана жұмыртқа және 10 тоннадан астам өзге де өнімдер бар.
Жәрмеңке жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен ұйымдастырылып, қала тұрғындарын қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге және отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған. Шаруалар мен тұтынушылар арасында тікелей сауда жасау мүмкіндігі бағаны тұрақты ұстап тұруға септігін тигізіп, өнімдердің кең аудиторияға қолжетімді болуына жағдай жасады.
«Ауыл береке – 2025» жәрмеңкесі алдағы демалыс күндері де өз жұмысын жалғастырады. Қарағандылықтар ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалсыз, тікелей өндірушіден тиімді бағада сатып ала алады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1071958?lang=kk