Түркияда Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстыру мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырылды
15.10.2025 09:23:14 34
Анкара, 2025 жылғы 9-10 қазан – Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі Анкарада Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстыру бағдарламасы мен дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Екі күндік іс-шараға Абай, Маңғыстау, Жамбыл облыстары мен Астана қаласы әкімдіктерінің, Түркиядағы "Kazakh Invest" АҚ, сондай-ақ түрік елінің бизнес қауымдастықтарының өкілдері мен бірқатар іскер топтар қатысты.
Іс-шара барысында Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Е.Сәпиев екі ел арасындағы экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту мен екіжақты байланыстарды кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Елші Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы негізгі басымдықтар туралы айтып, оның аясында инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ Қазақ дипломаты түрік бизнес-қоғамдастығын Қазақстандағы инвестициялық жобаларға белсенді қатысуға шақырды.
Қазақстандық өңірлердің өкілдері болса облыстардың өнеркәсіп, энергетика, логистика, ауыл шаруашылығы және туризм салаларындағы инвестициялық жобалары мен әлеуетімен таныстырды.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша бірқатар түркиялық кәсіпкерлер серіктестік орнатуға қызығушылық білдіріп, ынтымақтастық мүмкіндіктерін одан әрі зерделеу және бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында Қазақстан өңірлеріне сапармен баруды жоспарлауда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-ankara/press/news/details/1085096?lang=kk