Жергілікті өндірушілерді қолдау және бірыңғай көріктендіру стилі – Алматы әкімі Жетісу ауданындағы кәсіпорындар мен нысандарды аралады
15.10.2025 14:41:19 57
Бірінші нысан – Алматы жол-құрылыс компаниясы (АЖҚК). Мұнда асфальт, кеспе тас және жиектас өндіріледі. Бір ауысымда зауыт 8 640 метр жол және магистраль жиектастарын, 15 840 метр бақ жиектастарын, сондай-ақ 1 800 шаршы метрден астам кеспе тас шығарады. Асфальт өндіру қуаттылығы – сағатына 980 тонна.
Компанияның өз автопаркі бар: асфальт төсегіштер, таптағыштар, экскаваторлар және басқа да арнайы техникамен толық қамтылған. Бұл жол құрылысының толық циклін орындауға мүмкіндік береді.
Келесі нысан – Concrete Products зауыты. Мұнда темірбетон құрылымдары, қасбеттік панельдер және көріктендіру элементтері шығарылады. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 450 мың шаршы метр өнімге жетеді.
Сондай-ақ, қала басшысы ARIBA жиһаз фабрикасына барды. Мұнда 140-тан астам қызметкер еңбек етеді, кәсіпорынның жұмсақ жиһаз өнімдері халықаралық көрмелерде бірнеше рет жеңімпаз атанған.
Дархан Сатыбалды жергілікті өндірісті қолдаудың маңыздылығын атап өтті:
«Өз өндірісімізді дамытып, өнім сапасына және “Алматыда жасалған” брендіне баса мән беру қажет. Қала ең алдымен өзіміздің кәсіпорындарды қолдап, алматылық өнімді сатып алуға басымдық беруі керек», – деді әкім.
Жұмыс сапары Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысында орналасқан жаңартылған аумақта аяқталды. Нысан қала күніне орай ашылған. Мұнда кең көлемде көгалдандыру жүргізіліп, сәулеттік жарықтандыру, бейнебақылау камералары және балалар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған инклюзивті элементтер орнатылған.
Қала басшысы Алматыны көріктендіру кезінде бірыңғай сәулеттік стиль мен қалалық кодты сақтау қажеттігін атап өтті. Бұл әрбір жаңа нысанның мегаполис келбетіне үйлесімді енуіне мүмкіндік береді.
Өнеркәсіпті дамыту мен қалалық ортаны жақсарту – Алматы әкімдігінің басым бағыттарының бірі. Бұл бастамалар экономиканың өсуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1086836?lang=kk