Алматы облысында құрылыс саласындағы заңбұзушылықтар азайды

Алматы облысында құрылыс саласындағы заңбұзушылықтар азайды

15.10.2025 18:51:00 44

Алматы облысында құрылыс нысандарының саласында анықталған заңбұзушылықтар санының едәуір азайғаны байқалады. 

Ведомство мәліметінше, күшейтілген мониторинг пен кешенді бақылау шараларының арқасында рұқсат беру құжаттарынсыз құрылыс-монтаж жұмыстарын бастаудың фактілері айтарлықтай қысқарған.

– Жүйелі тәсіл мен инспекторлардың мұқият жұмысы өз бетінше салынған нысандар мен рұқсатсыз жүргізіліп жатқан құрылыстарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік нормалар бұзылған және жобадан ауытқу жағдайлары тіркелген кезде, заңбұзушылар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады, – деді облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Айдын Әуесбай.

Биылғы жылы құрылыс саласындағы заңбұзушылықтар бойынша мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарға 127 материал жолданған. Тексеру нәтижесінде салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 100 миллион теңгеден асты.

Заңсыз (рұқсатсыз) салынған нысандарды анықтауға ерекше назар аударылуда. Мәселен, Қонаев қаласында құрылыс нормалары бұзылып салынған коммерциялық нысан бұзылды. Осындай шаралар Талғар (2 нысан), Райымбек (1 нысан), Жамбыл (1 нысан) және Қарасай (2 нысан) аудандарында да қабылданды.

Сонымен қатар, облыстың аудандық соттарында өз бетінше салынған құрылыстарды бұзу жөніндегі 14 талап арыз қаралу үстінде.

Бұдан бөлек, әлеуметтік нысандардың құрылысы барысына ерекше бақылау жүргізілуде. Бұл бағытта құрылыс сапасына тұрақты мониторинг жасалып отыр.

Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы құрылыс заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және рұқсатсыз құрылысқа жол бермеу бағытындағы жүйелі жұмыстарын жалғастыруда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1087201?lang=kk