Қазақстан СІМ басшысы Акаба процесінің отырысына қатысып, Иордания және Италия басшыларымен кездесті
16.10.2025 08:02:14 36Рим, 2025 жылғы 15 қазан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Батыс Африка жөніндегі Акаба процесі аясындағы мемлекет және үкімет басшыларының кездесуіне қатысу үшін Италияға жасаған сапары барысында Иордания Королі Абдалла II бен әл-Хусейннің қабылдауында болды.
Кездесу барысында Е.Көшербаев Иордания Короліне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауын және ізгі сәлемін жеткізді, сондай-ақ терроризммен, экстремизммен және трансұлттық қылмыспен күрес мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаң ретінде Акаба процесін жан-жақты қолдайтынын білдірді. Тараптар сондай-ақ жаһандық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Сұхбаттастар екіжақты өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін, биік және жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалогтың дамуын, сонымен қатар екіжақты және халықаралық құрылымдар аясындағы тиімді ынтымақтастықты қанағаттанушылықпен атап өтті.
Форум аясында ҚР Сыртқы істер министрі сондай-ақ Италия Министрлер Кеңесінің Төрағасы Джорджа Мелонимен кездесу өткізді. Сұхбат барысында Министр Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың жолдауын табыстап, 2025 жылы Италия Премьер-министрі және Президенті Серджо Маттарелланың Қазақстанға жасаған сапарларының қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын талқылады.
Италия Үкіметінің басшысы жолдау үшін алғыс білдіріп, елдеріміз арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты, соның ішінде «Орталық Азия – Италия» форматындағы серіктестікті одан әрі жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу соңында тараптар халықаралық деңгейде бейбітшілік, тұрақтылық және қауіпсіздікті қолдауға бағытталған өзара күш-жігерді жалғастыруға уағдаласты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1087271?lang=kk