Меңдіқара ауданында облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың жұмыс сапары өтті
16.10.2025 13:11:44 63
Сапар барысында өңір басшысы «Таза Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен, тұрғын үй құрылысы мен агроөнеркәсіп кешенінің дамуы жағдайымен танысты.
Мемлекет басшысы бастама көтерген «Таза Қазақстан» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – жайлы қоғамдық кеңістіктер құру. Боровской ауылында Михайленко көшесінде жаңа аллеяның құрылысы аяқталды.
Жобаның жалпы құны – 44 млн теңге, оның 36 млн теңгесі облыстық бюджеттен, 8 млн теңгесі республикалық бюджеттен бөлінді. Жаңа аллея аудан орталығының көркін келтіріп, тұрғындар үшін демалыс пен серуендеуге қолайлы орынға айналды.
– «Таза Қазақстан» бағдарламасы – туған жердің әр бұрышына деген қамқорлықтың көрінісі. Біз адамдарға ыңғайлы, таза әрі қауіпсіз орындар қалыптастырып жатырмыз. Мұндай жобалар тек қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де жүзеге асырылуы маңызды, – деді Құмар Ақсақалов.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Боровской ауылындағы үш қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын қарап шықты. Жоба мердігер ұйым – «СК KBS» ЖШС есебінен жүзеге асырылуда, құрылыстың жалпы құны 826 млн теңгені құрайды.
Құрылыс аяқталғаннан кейін әкімдік коммуналдық тұрғын үй қорын толықтыру мақсатында 45 пәтерді сатып алады. Үйде 32 бір бөлмелі, 10 екі бөлмелі және 6 үш бөлмелі пәтер болады. Жалпы ауданы – 2,6 мың шаршы метрден асады.
Сонымен қатар, Құмар Ақсақалов «Каменскуральское» серіктестігі қалпына келтірген Каменскуральское ауылындағы екі қабатты 12 пәтерлі тұрғын үйді аралап көрді. Жобаның құны – 90 млн теңге.
Бұл тұрғын үй шаруашылық қызметкерлеріне арналған. Мұнда жайлы өмір сүруге барлық жағдай жасалған: абаттандырылған аула, заманауи инженерлік желілер және түрлі жоспардағы ыңғайлы пәтерлер бар.
– Ауылда еңбек ететін адамдардың жақсы жағдайда өмір сүруі маңызды. Мұндай мысалдар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін және жұмыс берушілердің ауылдық аумақтардың кадрлық әлеуетін сақтауға мүдделілігін көрсетеді, – деді облыс әкімі.
Жұмыс сапарының маңызды нүктелерінің бірі Каменскуральское ауылында 1200 басқа арналған сүт-тауарлы ферманың ашылуы болды. Жоба «Каменскуральск» ЖШС тарапынан мемлекеттік қолдау арқылы жүзеге асырылды.
Жалпы құны – 4,3 млрд теңге. Өндірістік қуаты – жылына 6,7 мың тонна сүт. 45 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Ферма заманауи технологиялармен салынған. Жаңа жабдық өнімнің сапасын арттыруға, шығындарды азайтуға және ресурстарды – жем-шөпті, суды және еңбекті тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Жобаның жүзеге асуына мемлекеттік қолдау үлкен рөл атқарды: төмен пайызбен жеңілдетілген несие берілді, инженерлік инфрақұрылым тартылды, сонымен қатар жабдық сатып алу шығындарының бір бөлігі мемлекет есебінен өтелді.
– Сүт өндірісі – стратегиялық бағыт. Мемлекет ауылда қайта өңдеу қуаттарын және жаңа жұмыс орындарын ашатын инвесторларды қолдайды, – деді Құмар Ақсақалов. – Қазір облыста жылына 33 мың тонна сүт өндіретін 4 сүт-тауарлы ферма жұмыс істеп тұр, тағы 3 ферма құрылыста, ал бес жаңа ферма салуға 20 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
Боровской ауылында облыс әкімі биыл наурыз айында іске қосылған майлы дақылдардан май өндіретін цехтың жұмысымен танысты.
Инвестиция көлемі – 286 млн теңге. Өндірістік қуаты – жылына 3 мың тонна май, 1,8 мың тонна күнжара және 1,2 мың тонна түйіршіктелген қабық өндіру. Жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға серпін беруде.
Өңір басшысының жұмыс сапары Меңдіқара ауданы тұрғындарымен кездесумен аяқталды. Кездесу барысында әлеуметтік-экономикалық даму, абаттандыру және халықты жұмыспен қамту мәселелері талқыланды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1087638?lang=kk