Ақтөбе облысы прокуратурасымен 2025 жылдың 9 айы қорытындыланды

Ақтөбе облысы прокуратурасымен 2025 жылдың 9 айы қорытындыланды

16.10.2025 15:22:15 70

Облыс прокуроры Марат Әбішевтің төрағалығымен өткен алқада, ағымдағы жылдың 9 айындағы прокуратура органдарының қызметі қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер талқыланды.

Ерекше назар, азаматтардың құқықтарын қорғау, қылмыспен күрес және әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қамтамасыз ету мәселелеріне, сондай-ақ жүйелі құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқықтық тәртіпті нығайтудың негізі болып саналатын «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыруға аударылды.

Алқада қадағалау, құқық қорғау және үйлестіру қызметінің негізгі нәтижелері талқыланды.

Облыс прокуроры өз сөзінде қабылданған шаралардың нәтижесінде тіркелген қылмыстар саны 3,8%-ға, аса ауыр қылмыстар 61%-ға, орташа ауырлықтағы қылмыстар 8,6%-ға, ал жеңіл қылмыстар 1,6%-ға азайғанын атап өтті.

Қоғамда жаңғырық тудырған қылмыстық істер бойынша процестік шешімдер қабылданды (Копа ауылындағы және «Мал базар» ауданындағы кәмелетке толмағандарды өлтіру, «Ту-Ха» компаниясының 6 млрд теңге қаражатын жымқыру, қос адам өлтіру және Басановты заңсыз бас бостандығынан айыру және т.б.), кінәлі тұлғалар сотталды. Жазаның бұлтартпастығы қағидаты іске асырылды.

Ағымдағы жылдың 9 айында прокурорлар 973 істер бойынша мемлекеттік айыптауды қолдап, 824 істер бойынша үкімдер шығарылып, 410 тұлғалар бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Есепті кезеңде 36 апелляциялық өтінішхаттар қанағаттандырылды.

«Ақтөбе — алаяқтықсыз аймақ» жобасы жүзеге асырылуда.

Облыс прокуратурасы жанында ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, үйлестіру шараларымен кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізілді: 25 мыңнан астам брошюра таратылып, әлеуметтік желілерде 1000-нан астам жарияланым жасалып, 1500 кездесу ұйымдастырылып, 127 ақпараттық билбордтар орнатылды.

«Дропперлік» әрекеттің 2 дерегі анықталып, біріншісі бойынша 1 адам сотталып, екіншісі – сотта қаралуда (екеуі де ҚК-тің 190-бабы бойынша тартылған).

Прокуратураның үйлестіруімен 2 жасырын есірткі зертханасы әшкереленіп, 76 кг-нан астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Арнайы прокурорлармен есірткі саудасына қатысты 2 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, 7 адам қамауда.

59,5 млн теңге сомасындағы 1000-нан астам «дропперлік» шот және есірткі сатуға арналған 1400 интернет-дүкендер сілтемелері бұғатталып, 300-ден астам есірткі жарнамасы (граффити) жойылып, белсенділермен және еріктілермен, университет, колледж студенттерімен және мектеп оқушыларымен кездесулер өткізілді.

Құқық бұзушылық туралы сигналдарды жедел анықтап, үйлестіруге мүмкіндік беретін «FSM Social» цифрлық қосымшасы белсенді енгізілуде. Қала және аудан прокурорларына полиция, әкімдіктер мен өзге де уәкілетті органдардың жұмысын бақылау тапсырылды.

Жыл басынан қоғамдық мүдделерді қорғау саласында 1000-нан астам заң бұзушылықтар анықталып, 7 мыңнан астам азаматтың құқықтары қалпына келтіріліп, 1000-ға жуық лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылды.

Атап айтқанда, мұнай-газ секторындағы жекелеген кәсіпорындар және жер қойнауын пайдаланушылардың қызметінде экологиялық және салық заңнамасын бұзушылықтар анықталып, алдын ала есептелген айыппұлдар мен залалдың жалпы сомасы 8 млрд теңгені құрады. Мемлекет кірісіне өндіру жұмыстары, оның ішінде сот тәртібімен жүргізілуде.

Бүгінде 3 млрд теңгеден астам бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуының алдын алып, 1,2 млрд теңге өндіріліп, оның 1 млрд теңге мемлекет кірісіне қайтарылды.

Прокуратура органымен тіркелген сыбайлас жемқорлық және экономикалық қылмыстық істер бойынша 5 адам сотталып, 16 іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.

Құрылыс саласы және азаматтардың құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлінді.

Сотпен 285 үлескердің мүддесін қорғау мақсатында 6 талап-арыз қанағаттандырып, мәмілелерді жарамсыз деп танып, жер учаскелерін ТҚК-не қайтарды. Қазір әкімдік нысандарды аяқтау бойынша жұмыстар жүргізуде. Сотта 128 алданған азаматтың мүддесін қорғауға бағытталған 3 талап-арыз қаралуда.

Қадағалау шараларымен 45 пәтер жетім - балаларға берілді.

Арнайы прокурорлармен мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана бөлу кезінде өкілеттігін асыра пайдаланған лауазымды тұлғаға қатысты тергеу аяқталды.

Сонымен қатар, бизнесті қорғау мәселелері басым бағыт болып табылады. Прокуратурамен 110 инвестициялық жобаларға құқықтық қолдау көрсетілуде.

Ағымдағы жылы 27 инвестордың құқықтары қорғалып, 17 кәсіпорын үшін электр энергиясы тарифтері төмендетілді.

Бизнеске заңсыз тексеріс жүргізіп, араласқаны үшін 12 лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды (ӘҚБтК-нің 173 және 175-баптары бойынша).

Мысалы, Ырғыз аудандық прокуратурасымен салық органының 35 кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы заңсыз қаулыларының күші жойылды.

Прокуратура органдарымен мемлекетке қайтарылған активтер есебінен облыста 12 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде (Ақтөбе қаласы мен облыстың 6 ауданында: Мұғалжар, Қобда, Байғанин, Ырғыз, Алға және Шалқар), оның ішінде 4 нысан (Мұғалжар, Байғанин, Ырғыз және Алға аудандарында) пайдалануға беріліп, қалғандары жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Алқа қорытындысы бойынша облыс прокурорымен алаяқтықпен, есірткі бизнесімен және балалар қылмысымен, сондай-ақ басқа да қоғамдық - қауіпті әрекеттерге қарсы шараларды күшейту жөнінде бірқатар тапсырмалар берілді.

Сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау, бюджет қаражатын жұмсаудың заңдылығы, бизнес пен инвесторларды қолдау, мемлекеттік сатып алу, салық және жер секторы және т.б. назар аударылатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-aktobe/press/news/details/1087715?lang=kk