Мұғалімдерді оқыта отырып — жастарды қорғаймыз: Алматы облысында АИТВ-ның алдын алу

Мұғалімдерді оқыта отырып — жастарды қорғаймыз: Алматы облысында АИТВ-ның алдын алу

16.10.2025 15:41:54 54

Жастар арасында АИТВ инфекциясының, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ) алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған үш айлық акция аясында Алматы облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандары шалғай орналасқан Балқаш ауданына іссапар ұйымдастырды.

2025 жылғы 15 қазанда Балқаш ауданының орталығы – Бақанас ауылында ауданның 87 педагогінің қатысуымен ақпараттық-ағартушылық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның басты мақсаты – мұғалімдердің медициналық сауаттылығын арттыру ғана емес, сонымен қатар олардың алған білімдерін оқушыларға жеткізе отырып, жас ұрпақтың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау дағдыларын қалыптастыру.

Шара Балқаш аудандық орталық ауруханасының қолдауымен өтті. Кездесу барысында денсаулықты сақтау, аурулардың алдын алу және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардан қорғану тақырыптары талқыланды.

Дөңгелек үстел жұмысына акушер-гинеколог М. Ақпанова «Жатырдан тыс жүктіліктің салдары» атты баяндамамен, нарколог-дәрігер Г. Дүйсебаева «Есірткі мен синтетикалық заттарға – жоқ!» тақырыбымен, салауатты өмір салты кабинетінің валеологы А. Асхатұлы «Жыныстық жолмен берілетін инфекциялар және олардың алдын алу шаралары» атты дәріспен қатысты.

Сондай-ақ ЖИТС орталығының эпидемиолог мамандары Н. Қасымов пен А. Ибраимова «АИТВ инфекциясының алдын алу және стигма мен дискриминацияның қоғамға әсері» тақырыбында баяндама жасады.

Кездесу барысында қатысушылар АИТВ-ның берілу жолдары, қорғану тәсілдері, тұрақты тестілеудің және уақытылы ем қабылдаудың маңызы туралы сенімді ақпарат алды. Мұғалімдер белсенділік танытып, мамандарға сұрақтар қойып, пікір алмасты.

Осындай шаралар педагогтар мен жастардың ақпараттылығын арттырып, қоғамда қалыптасқан қате түсініктерді жоюға және өз денсаулығына саналы көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді. Өйткені, алдын алу — хабардарлықтан басталады.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-densaulyk/press/news/details/1087753?lang=kk