Америкалық инвесторларға Қазақстанның белсенді экономикалық өсу саясаты таныстырылды
16.10.2025 17:02:28 31
Вашингтон, 2025 жылғы 14 қазан – Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының жыл сайынғы күзгі сессиясы аясында Америка Құрама Штаттарындағы Қазақстан Республикасының Елшілігі мен АҚШ Сауда палатасы бірлесе ұйымдастырған екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстан-Америка іскерлік кеңесінің (USKZBC) мүшелері және америкалық компаниялардың өкілдері қатысты.
Кездесу ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйек айында Нью-Йорк қаласында жергілікті бизнес өкілдерімен өткен келіссөздерінде басталған диалогтың жалғасы болды.
Кездесуді аша отырып, АҚШ Сауда палатасының өкілдері Қазақстанмен орнаған ұзақ мерзімді серіктестік қатынастарды атап өтіп, елдің цифрландыру, қаржы технологиялары және өнеркәсіп салаларындағы жетістіктерін жоғары бағалады. Әсіресе, қаржы секторының жаңғыртылуы мен реттеу және бизнеске қызмет көрсету салаларында инновациялық шешімдерді енгізу табыстары ерекше аталып өтті.
Өз сөзінде қазақстандық делегация еліміздің жаңа белсенді экономикалық өсу саясатын таныстырды. Бұл өсімді АӨК шикізаты мен өнімін терең және орташа өңдеуде өнімділігі жоғары экспорттық жобаларды кеңінен қаржыландыруға қабілетті қаржылық даму институттары арқылы қол жеткізу жоспарланып отыр.
Қазақстанның макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі, мемлекеттік қаржының орнықтылығын арттырудағы, салық және банк жүйесін реформалаудағы және ЖІӨ өсімін қамтамасыз етудегі жетістіктеріне назар аударылды. Бұл көрсеткіштер Қазақстанды Орталық Азияның ең ірі экономикасы және аймақтық дамудың басты көшбасшылық күші ретінде айқындайды.
Америкалық компаниялардың өкілдері Қазақстанды сенімді және болжамды серіктес, сондай-ақ инвестиция мен бизнес жүргізуге қолайлы мемлекет ретінде жоғары бағалады. Олар энергетика, маңызды минералдар, инфрақұрылым, қаржылық қызметтер мен технологиялар салаларында ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық білдірді.
Сонымен қатар, іс-шара қатысушылары Қазақстанның аймақтық процестерді нығайтудағы және Орталық Азиядағы орнықты экономикалық өсуді ілгерілетудегі маңызды рөлін талқылады. Сондай-ақ, Қазақстан мен америкалық компаниялар арасындағы қолданыстағы серіктестік бағыттар мен ынтымақтастықты кеңейту әлеуеті қарастырылды.
Іс-шара соңында өткен сұрақ-жауап сессиясы барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, ағымдағы және болашақ экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылап, екіжақты қызығушылықты растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/invest/press/news/details/1087852?lang=kk