Қорғаныс министрлігінде запасқа шығарылған әскери қызметшілерді әлеуметтік интеграциялау мәселелері талқыланды
17.10.2025 17:53:27 167
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында запасқа шығарылған әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін әлеуметтік бейімдеу мәселелері жөнінде дөңгелек үстел отырысы болды.
Іс-шара Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары вице-адмирал Серік Борамбаевтың төрағалығымен өтті. Талқылауға Қорғаныс, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ұлттық ұланның, Мемлекеттік күзет қызметінің өкілдері, сонымен бірге «Әскерден кейінгі интеграция қоғамдастығы» қоғамдық қорының негізін қалаушылар қатысты.
Вице-адмирал Серік Борамбаев әскерден босатылған әскери қызметшілерді азаматтық өмір жағдайларына бейімдеуге, отбасылық тұрақтылықты сақтауға, психологиялық және құқықтық қолдау көрсетуге бағытталған кешенді және үйлесімді жұмысты әзірлеу қажеттігін атап өтті.
– Қаралып отырған мәселе ведомствоаралық өзара іс-әрекетті нақты реттеуді, ресурстарды ұтымды үйлестіруді және нәтижеге бағдарланған көрсеткіштер жүйесін енгізуді талап етеді, – деп атап өтті Қорғаныс министрінің орынбасары.
Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті психологиялық және әскери-әлеуметтік жұмыс басқармасының бастығы подполковник Арман Қалышев айтып берді.
Оның айтуынша, жасына, денсаулығына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты запасқа шығарылған әскери қызметшілер бейімделуге құқылы. Қызметтер пакетіне әскери қызметшінің өзі есебінен жүзеге асырылатын азаматтық мамандық бойынша кәсіптік қайта даярлау, мектептерде АӘД оқытушысы болып жұмыс істеу үшін тегін педагогикалық қайта даярлау және психологиялық қолдау кіреді.
«Әскерден кейінгі интеграция қоғамдастығы» қоғамдық қорының басшысы запастағы полковник Рүстем Жантенов ұйымның қаржылық сауаттылық бойынша тренингтер өткізетінін, запасқа шығарылған әскери қызметшілерге психологиялық, құқықтық және заңгерлік көмек көрсететінін атап өтті.
Отырыс соңында Қорғаныс министрлігі мен «Әскерден кейінгі интеграция қауымдастығы» қоғамдық қоры ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1088813?lang=kk