ISO халықаралық стандарттары Алатау Сити дамуының негізі болмақ

ISO халықаралық стандарттары Алатау Сити дамуының негізі болмақ

17.10.2025 19:33:42 92

Жаңа Алатау Сити қаласы халықаралық ISO 37120 «Тұрақты қалалар мен қауымдастықтар» стандарты бойынша құрылмақ. Бұл стандарт қалалық ортаның сапасын экологиядан бастап, көлік, цифрлық және әлеуметтік қызметтерге дейін объективті көрсеткіштер арқылы бағалауға мүмкіндік береді. Бұған дейін 2024 жылы Астана осы стандарт бойынша сертификатталып, Орталық Азиядағы алғашқы қала атанған еді.

Осындай маңызды бастамаларды Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанға алғаш ресми сапарымен келген ISO халықаралық стандарттау ұйымының Бас хатшысы Серхио Мухикамен кездесуінде талқылады. Тараптар стандарттау саласындағы ынтымақтастықты дамыту, халықаралық тәжірибелерді енгізу және заманауи стандарттар бойынша мамандарды даярлау мәселелерін жан-жақты талқылады.

Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі — жасанды интеллект саласында ұлттық сынақ-эталон орталығын құру. Бұл орталықта «AI Standards Hub» - зертхана, сертификаттау және сынақ орталығы жұмыс істейді. Ол ISO-ның жасанды интеллект, блокчейн және цифрлық технологиялар саласындағы жаһандық стандарттарын енгізуге мүмкіндік береді. Қазақстан осы бағытта 18 стандартты бекітіп, халықаралық деңгейдегі ынтымақтастық алаңына айналуға дайын.

Сондай-ақ тараптар Қазақстанның ISO халықаралық стандарттау ұйымының Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия аймақтарындағы өңірлік орталық ретіндегі рөліне ерекше мән берді. Биыл күзде Қазақстанның өкілі Қанат Тоқушев алғаш рет ISO өңірлік офицері болып тағайындалып, өңір елдерімен өзара әрекетті үйлестіреді.

Қазақстан ISO қолдауымен экология, цифрландыру және инновациялар саласында жастардың шығармашылығын дамытуға арналған алғашқы студенттер олимпиадасын өткізуді ұсынды. Бұл шара жастарға өз идеяларын ұсынуға және болашақ стандарттардың қалыптасуына өз үлестерін қосуға мүмкіндік береді.

Арман Шаққалиевтің айтуынша, Қазақстанның ұлттық стандарттарының 40 пайыздан астамы ISO құжаттарымен үйлестірілген. Бұл еліміздің экономикасын жүйелі түрде жаңғыртуға, отандық өнімдердің сыртқы нарықтарға шығуын жеңілдетуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға негіз болады.

ISO Бас хатшысы Серхио Мухика Қазақстанды аймақтағы маңызды серіктес ретінде атап, оның тұрақты даму мен цифрландыру саласындағы тәжірибесі Орталық Азияның басқа елдеріне үлгі екенін жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti-ktrm/press/news/details/1088913?lang=kk