Астанада БҰҰ-ның 80 жылдығы аталып өтті
18.10.2025 18:00:59 156
Астана, 2025 жылғы 17 қазан – Біріккен Ұлттар Ұйымы күні мен оның 80 жылдығына орай Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрында салтанатты концерт өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қазақстандағы БҰҰ Елдік тобымен бірлесіп ұйымдастырды.
Кешке мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері, азаматтық қоғам мен жастар қауымы қатысты.
Өз сөзінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Қазақстанның БҰҰ Жарғысына деген берік бейілділігін және оның халықаралық бейбітшілікті, қауіпсіздікті және тұрақты дамуды сақтаудағы орталық рөлін ерекше атап өтті.
Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясындағы сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұру және халықаралық ынтымақтастықты нығайту ісіндегі шешуші рөлін атап өткенін еске салды.
Е.Ашықбаев Қазақстанда БҰҰ жүйесіне кіретін 27 агенттік пен мекеме жұмыс істейтінін және Алматыдағы БҰҰ Орталық Азия мен Ауғанстан бойынша Орнықты даму жөніндегі өңірлік орталығының маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде Қазақстандағы БҰҰ-ның Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча бейбітшілік, орнықты даму және адам қадір-қасиеті жолындағы бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап өтіп, БҰҰ мен Қазақстан арасындағы серіктестіктің жоғары деңгейін және 2030 жылға дейінгі Орнықты даму күн тәртібін іске асырудағы нәтижелі ынтымақтастықты ерекше айтты.
Дирижёр Ернар Нұртазиннің жетекшілігімен Еркеғали Рахмадиев атындағы академиялық симфониялық оркестрдің өнер көрсетуі кештің ерекшелігі болды. Классикалық және заманауи шығармалардан құралған музыкалық бағдарлама көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Іс-шара аясында, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығына арналған «Қазпошта» АҚ-пен бірлесіп шығарылған UN80 мерейтойлық пошта маркасының тұсаукесері өтті. Марка бірлік, ынтымақтастық және орнықты даму құндылықтарына бейілділікті бейнелейді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1089016?lang=kk