Нью-Йорк қаласында Қазақстан мен АҚШ арасындағы серіктестіктің жаңа бағыттары талқыланды
19.10.2025 08:55:03 149
Нью-Йорк, 2025 жылғы 17 қазан – Нью-Йорк қаласына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров бастаған делегация АҚШ-тың іскер және инвестициялық орта өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.
Қазақстандық делегация құрамына өнеркәсіп пен инфрақұрылымдағы ірі жобаларды іске асыруға жауапты «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ мен Қазақстан Даму Банкінің басшылығы кірді.
Делегация Нью-Йорк қор биржасында (NYSE) болып, инфрақұрылым, энергетика және тау-кен өндіру салаларына инвестиция тарту мақсатында биржалық құралдарды пайдалану мәселелерін, сондай-ақ қаржы технологиялары мен ESG бастамалары саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Сапар барысында тау-кен металлургия кешені саласында жұмыс істейтін америкалық компаниялармен өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды. Сирек және стратегиялық маңызды минералдарды қайта өңдеу жөніндегі бірқатар инвестициялық жобалар қаралды. Бұл жобалар жаһандық энергетикалық және технологиялық трансформация тұрғысынан стратегиялық мәнге ие.
Қазақстан тарапы өз артықшылықтарын – дамыған инфрақұрылымды, халықаралық жеткізу тізбектеріне қатысуын және инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жүйесін таныстырды.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша америкалық тарап фармацевтика, тау-кен өндірісі, энергетика және қаржы нарықтары салаларындағы бірлескен жобаларға жоғары қызығушылық танытты.
Өткізілген кездесулер Қазақстанның Орталық Азиядағы сенімді және маңызды серіктес ретіндегі әлеуетін арттыруға, сондай-ақ екі елдің іскер топтары арасындағы ұзақ мерзімді өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-newyork/press/news/details/1089049?lang=kk