Астанада 500-ден астам бірінші курс студенті Әскери-тарихи музейде болды

Астанада 500-ден астам бірінші курс студенті Әскери-тарихи музейде болды

19.10.2025 11:10:24 201

Құралбек Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университеті әскери кафедрасының студенттері ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи музейінде болды.

Кәсіби гидтер болашақ запастағы офицерлер мен сержанттарға Қазақ хандығы дәуірінен бастап қазіргі күнге дейінгі Қазақстанның әскери тарихын таныстырды.

Іс-шара «Мәңгілік Ел» атриумында взводтардың сап түзеуімен басталды. Одан кейін студенттер «Ежелгі дәуір – XIX ғасыр», «XX ғасырдағы әскери тарих», «XX–XXI ғасырлар қару-жарағы», «Танк әскері тарихы» және «Қазақстан Республикасы Қарулы күштері» залдарын аралады.

– Біздің кафедрада сегіз жоғары оқу орнының студенттері оқиды. Олардың қатарында Назарбаев Университеті мен М.С. Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ да бар. Біз запастағы офицерлерді даярлаймыз. Биыл алғаш рет запастағы сержанттар бітіріп шықты. Оқу киберқауіпсіздік, тылдық қамтамасыз ету, аумақтық қорғаныс және басқа да мамандықтар бойынша жүргізіледі. Сонымен қатар, біз рота командирлерінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасарларын да дайындаймыз, – деп атап өтті Қазақ технология және бизнес университеті Әскери-патриоттық тәрбие орталығының бастығы запастағы вице-адмирал Жандарбек Жанұзақов.

Университеттегі әскери кафедра екінші жыл жұмыс істеп жатыр. Қысқа мерзім ішінде әскери-патриоттық тәрбие мен әскери оқытылған резервті кәсіби даярлау орталығы ретінде жақсы танылды.

– Әскери-тарихи музейге экскурсия барысында еліміздің ерлікке толы тарихынан мол мәлімет алдық. Біз тас дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі қазақ жауынгерлерінің оқ-дәрілерін, қару-жарақтарын, картиналар мен тарихи құжаттарды, фотосуреттерді көрдік. Батыр бабаларымыз бен қазіргі әскерімізге деген мақтаныш сезімі пайда болды. Мектепте «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубына қатысқан едім. Қазір кафедрада әрбір Отан қорғаушыға қажет білім мен дағдыларды үйреніп жатырмын, – деді әскери кафедраның бірінші курс студенті Олжас Самархан.

Іс-шара патриоттық рухты нығайтуға, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға және Отан алдындағы қызметтің маңыздылығын ұғынуға ықпал еткен маңызды оқиға болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1089056?lang=kk