Қарулы Күштерде жауынгерлік дайындықтың қорытынды тексерісі өтіп жатыр
20.10.2025 10:20:58 163
Қазақстан Қарулы Күштерінің барлық түрлері мен тектерінде, өңірлік қолбасшылықтарда, әскери бөлімдер мен мекемелерде бөлімдердің жауынгерлік әзірлігі мен қабілеттілігін бағалауға бағытталған қорытынды тексеріс жүргізілу үстінде.
Қорытынды сынақтар тактикалық, арнаулы, атыс, саптық, дене және басқа да дайындық түрлерін қамтиды. Әскери қызметшілер әскери топография, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс пәндері бойынша білімдерін көрсетіп, жауынгерлік және автомобиль техникасын жүргізу машығын сынақтан өткізуде.
Бас штаб комиссиялары жеке құрамның дайындық деңгейімен қатар қару-жарақ пен әскери техниканың жағдайын, сондай-ақ бөлімдер мен құрамалардағы жауынгерлік дайындыққа жауапты лауазымды тұлғалардың жұмысының ұйымдастырылуын бағалауда.
Мәселен, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 54770 әскери бөлімінде Бас штаб комиссиясының қатысуымен әскери қызметшілер жоғары жауынгерлік дайындық дәрежесіне келтіру іс-қимылдарын пысықтап, атыс қаруынан практикалық оқ ату жаттығуларын орындады және атыс дайындығы бойынша нормативтерді тапсырып шықты. Сондай-ақ офицерлік және сержанттық құрамның әдістемелік дайындығы бағаланды.
– Кешенді тексеріс барысында біз жеке құрамның үйлесімділігін, ұйымдасқан жұмысын, олардың дене, атыс, тактикалық және кәсіби дайындығын бағалаймыз, – деп атап өтті комиссия төрағасы, Бас штабтың жауынгерлік дайындық департаментінің бастығы генерал-майор Анатолий Довганюк.
Тексеріс қорытындысы бойынша әскердің жауынгерлік әзірлігінің нақты жағдайы мен оқу жылы ішінде жүргізілген жауынгерлік дайындықтың нәтижелеріне баға беріледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1089199?lang=kk