Алматы облысындағы құрылыс қарқыны артуда
20.10.2025 11:40:28 163
Жұмыс сапары аясында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар, Қарасай және Іле аудандарында болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуымен танысты. Өңір қызметінің басым бағыттарының бірі – құрылыс саласын дамыту және тұрғындарды қолжетімді әрі жайлы баспанамен қамтамасыз ету болып табылады.
Облыстың барлық аудандарында тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді. 2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша құрылыс саласындағы жұмыс көлемі 21,1%-ға артқан. Бұл көрсеткіш өңірде инфрақұрылымдық бағдарламалардың белсенді орындалып жатқанын және инвестициялық белсенділіктің жоғары деңгейін көрсетеді. Соңғы үш жылда Алматы облысында 177 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ірі құрылыс жобалары Қонаев қаласында, сондай-ақ Іле, Қарасай және Талғар аудандарында жүзеге асырылуда.
Мәселен, Қонаев қаласында инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтылған жаңа шағын аудандар салынды. Іле ауданында шамамен 600 отбасы жаңа пәтерлерге қоныстанды. Сонымен қатар, Қарасай мен Талғар аудандарында тұрғын үй, әлеуметтік және коммерциялық нысандардың құрылысы жүргізілуде.
Әлеуметтік жағынан осал азаматтарды баспанамен қамту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы жылдары бұл санаттағы азаматтарға 235 пәтер берілді, жұмыс бұл бағытта жалғасуда.
Жұмыс сапары барысында Марат Сұлтанғазиев Іле ауданында салынып жатқан ZERGER тұрғын үй кешенінің құрылыс барысымен танысты. «Монолит» компаниялар тобы жүзеге асырып жатқан бұл жоба өңірдегі ең ірі құрылыс жобаларының бірі болып табылады. Кешен құрамына 46 үй және 1372 пәтер кіреді, құрылыста шамамен 250 маман еңбек етуде.
Тұрғын үй кешені заманауи технологиялар мен сапалы материалдарды пайдалану арқылы, барлық нормативтік талаптарға сай салынуда. Аумақта демалыс аймақтары, 360 метрлік жаяу және жүгіру аллеясы, автотұрақ және бейнебақылау жүйесі қарастырылған. Мұндай жобалар тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастырып, құрылыс саласының дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
Айта кету керек, «Монолит» компаниялар тобы әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын белсенді түрде жүзеге асырып келеді және өңірдің дамуына өз үлесін қосуда. Өткен жылы компания өз қаражаты есебінен олимпиада жүлдегері мен оның жаттықтырушысына екі жаңа пәтер сыйға тартты.
Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – Алматы облысы әкімдігінің басты әлеуметтік басымдықтарының бірі. 2025 жылы өңірде 960 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған, оның 901,5 мың шаршы метрі немесе 93,9% пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 116% артық көрсеткішті құрап, өңірдің құрылыс саласының тұрақты дамып келе жатқанын дәлелдейді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1089311?lang=kk