Қазақстан мен Еуропалық одақ стратегиялық серіктестікті одан әрі кеңейтуге ниетті
21.10.2025 12:51:04 196
Люксембург, 2025 жылғы 20 қазан – Орталық Азия мемлекеттері, Шығыс серіктестігі елдері, Түркия және Еуропалық одақ арасындағы инфрақұрылымдық өзара байланыстылықты ілгерілету мәселелеріне арналған министрлік кездесуі аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Еуропалық комиссия вице-президенті – ЕО Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Калласпен, Халықаралық серіктестік жөніндегі еуропалық комиссары Йозеф Сикеламен және Орталық Азия жөніндегі ЕО арнайы өкілі Эдвард Стипрайспен кездесті.
Сұхбаттар барысында тараптар Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы өзара құрметке, сенімге және мүдделердің ортақтығына негізделген жан-жақты әрі қарқынды дамып келе жатқан ынтымақтастықты қанағаттанушылықпен атап өтті.
Бұл үдерісті Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ және оның мүше мемлекеттері арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің практикалық іске асырылуы айтарлықтай ілгерілетіп отыр. Аталған құжатқа биылғы жылдың желтоқсан айында 10 жыл толады және ол Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы қатынастарды сапалы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді.
Келісімде көзделген ынтымақтастықтың 29 бағытының ішінде Астана мен Брюссель көлік және логистика, стратегиялық маңызды шикізат ресурстары, «жасыл» энергетика, цифрлық трансформация, ауыл шаруашылығы, білім және ғылым салаларындағы ортақ басымдықтарды бірлесе жүзеге асырып келе жатқаны аталып өтті.
А. Исетовтың айтуынша, екіжақты ынтымақтастықты нығайту Орталық Азия елдерінің Еуропалық одақпен өңіраралық өзара іс-қимылының дамуына ықпал етеді. Осы тұрғыда биылғы жылдың сәуір айында Самарқандта өткен «ОА-ЕО» саммитінің қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді іске асырудың маңызы ерекше екені ай тылды.
Қазақ дипломаты сұхбаттастарды еліміздегі негізгі реформалар бағыттарымен таныстырды. Бұл реформалар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйек айындағы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты жолдауында айқындалған.
Тараптар сондай-ақ биік және жоғары деңгейдегі бірлескен халықаралық іс-шаралар кестесін, соның ішінде Э.Стипрайстың Астанаға алдағы сапарын талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қазақ-еуропалық серіктестіктің барлық бағыттары бойынша диалогты жалғастырып, бірлескен жобаларды ілгерілету жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1090121?lang=kk