Жамбыл ауданында Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының көшпелі алқа отырысы өтті
21.10.2025 14:31:44 97
2025 жылғы 18 қазанда Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша көшпелі алқа отырысы өтті. Іс-шара Алматы облысы әкімінің орынбасары Исатаев Рустам Маратұлының және облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлейменов Ержан Әбілхасымұлының төрағалығымен өтті.
Жиынға медицина ұйымдарының басшылары, аудандық әкімдіктер мен салалық құрылымдардың өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде келесі мәселелер қаралды:
•2025 жылдың III тоқсанындағы денсаулық сақтау жүйесінің қызмет қорытындылары;
•санитариялық-эпидемиологиялық жағдай;
•көрсетілген медициналық көмектің сапасы мен көлеміне жүргізілген мониторинг, келісімшарттық міндеттемелердің орындалуы;
•жыл соңына дейінгі негізгі міндеттер мен саланың даму бағыттары.
2024 жылдан бастап елімізде 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары жүзеге асырылуда. Бұл құжат 3 бағытты, 42 нысаналы көрсеткішті және 98 іс-шараны қамтиды. Алматы облысында осы жоспар шеңберіндегі көрсеткіштер мен тапсырмаларды орындау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
Инфрақұрылым және материалдық-техникалық жарақтандыру
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Алматы облысында 38 денсаулық сақтау нысаны салынуда, оның 21-і 2025 жылы пайдалануға берілді, ал қалған 16 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Құрылыстарды аяқтау және пайдалануға беру қазан-қараша айларына жоспарланған. Сонымен қатар қосымша 7 нысанның құрылысы жалғасуда.
2025 жылы өңірдегі медициналық ұйымдарға 177 бірлік заманауи медициналық жабдық жеткізу жоспарланған, оның ішінде:
•24 бірлік ірі технологиялық техника: МРТ, ангиограф, жоғары сапалы УДЗ аппараттары, маммографтар, видеоэндоскопиялық және лапароскопиялық жабдықтар бар.
Жыл соңына дейін медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жарақтандырылу деңгейі 93%-ға дейін жетеді деп күтілуде.
Сонымен қатар 90 жедел жәрдем көлігін сатып алу бойынша жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда сатып алу рәсімдері аяқталуға жақын, көліктерді жеткізу 2025 жылдың соңына дейін жоспарланған.
Жылжымалы медициналық кешен жұмысы
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арқылы алынған жылжымалы медициналық кешен 2025 жылдың ақпанынан қазан айына дейін 10 200 адамды қамтып, 10 500-ден астам диагностикалық процедура жүргізді. Тексеру нәтижесінде:
•23 онкологиялық ауру жағдайы,
•463 обыр алды жағдай анықталған.
Алматы облысының денсаулық сақтау жүйесі негізгі бағыттар бойынша оң өзгерістерге қол жеткізіп отыр. Материалдық-техникалық база нығайып, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі артуда, инфрақұрылымдық жобалар табысты іске асырылуда.
Сонымен қатар салада шешуді қажет ететін бірқатар өзекті мәселелер бар:
•медициналық сақтандырумен қамтылмаған халықтың үлесі,
•ауылдық жерлердегі медицина кадрларының тапшылығы,
•алғашқы медициналық-санитариялық көмекті одан әрі жетілдіру қажеттілігі.
Жыл соңына дейін қойылған міндеттерді толық орындау үшін жүйелі және үйлесімді жұмыс жалғасатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-densaulyk/press/news/details/1090196?lang=kk