Дауылбай қорымынан табылған жәдігерлер қайта қалпына келтірілді
23.10.2025 16:21:11 83
2023–2024 жылдары Тарих ғылымдарының докторы Д.С.Байғұнақовтың жетекшілігімен Қаратал ауданы аумағындағы Дауылбай қорымына дадалық зерттеу жұмыстар жүргізілген еді. Нәтижесінде алтын бұйым бөліктері, алтын моншақ, алтын сырғалар, сүйек түйме, қоладан жасалған шаш түйрегіш, қола тоға, қоладан жасалған бұйымдар және қыш құмыралар табылды. Бүгінде табылған заттар Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы.
7-11 қазан аралығында «Ғылыми-эксперименттік тәжірибелік археология» ЖШС-нің кәсіби мамандары жәдігерлерге қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Қайта қалпына келтіру жұмыстары кезінде металл бұйымдардағы коррозиялық қабаттар мен тотығу іздері мұқият тазартылып, Керамикалық және сүйек бұйымдардың сынықтары қайта құрастырылды.
Бұл жәдігерлер – ежелгі дәуірдің өмір салты, наным-сенімі, өнері мен мәдениетінен сыр шертетін аса құнды мұра. Жәдігерлер – өткен күннің бір бөлшегі ғана емес, бүгінгі ұрпаққа аманат етілген рухани шежіре. Алдағы уақытта бұл құнды артефактілер музей экспозициясынан лайықты орын алып, қонақтар назарына ұсынылатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-archive/press/news/details/1091933?lang=kk