Албанияда алғаш рет өткен Қазақстан мәдениеті күндері аясында Тиранада салтанатты концерт пен фильмдер көрсетілімі ұйымдастырылды
23.10.2025 19:53:58 181
Тирана, 2025 жылғы 19-21 қазан – Албания астанасы Тирана қаласының орталығындағы «Шеши Италия» алаңында Қазақстан мәдениеті күндерінің ашылуына арналған мерекелік концерт өтті. Іс-шараны Албаниядағы Қазақстан Елшілігі, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, Албанияның Мәдениет министрлігі, Тирана қаласының әкімдігі, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымы және ҚР Албаниядағы Құрметті консулының қолдауымен ұйымдастырылды.
Мәдени мереке аясында еліміздің «TURAN» этно-фольклорлық ансамблі және Қазақстанның «Ізгі ниет елшісі» мен танымал орындаушы ADAM-ның қатысуымен үлкен ашық аспан астында концерт өтті.
Қазақ даласының бай мәдени мұрасын заман талабына сай музыкалық бағытпен үйлестірген бірегей бағдарламасы жиналған көрермендерге паш етілді. Келген тыңдармандарға Түркі әлемінің мәдени музыкалық бренді ретінде кеңінен танылған «TURAN» тобы, ұлттық аспаптарымен шебер орындауында көшпенділер әлеміне саяхат жасатты.
Іс-шарада «TURAN» ансамблімен қатар қазіргі қазақ эстрадасының жарық жұлдызы ADAM да өз өнерін көрсетті. Оның әлемге танымал және хитке айналған «Жүрек» атты әні цифрлық платформаларда миллиардтаған қаралым жинаған. Қазақстандық әртістердің Тиранадағы концерті жергілікті көрермендердің зор ықыласына ие болып, кештің аса көтеріңкі көңіл-күймен өтуіне серпін берді.
Бұл концерттік кеш ашық форматта өтіп, барлық келген көрермендер үшін тегін болды. Іс-шараға Албания тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ мемлекеттік және мәдени мекемелерінің өкілдері, дипломатиялық корпус пен Қазақстандықтар қатысты.
Оған қоса 20-21 қазанда Қазақстан мәдениеті күндері аясында Тирананың «Agimi» арт-орталығында қазақ фильмдердің көрсетілімімен жалғасты. Бағдарламаға «Қазақфильм» киностудиясының үш көркем фильмі енді: режиссер Ақан Сатаевтың «Мың бала: Даланың жауынгерлері» тарихи драмасы, Рашид Сүлейменовтің «Набат операциясы» драмалық экшн-фильмі және қазақ халқының ән өнерін әлемге танытқан Әміре Қашаубаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Әміре» биографиялық драмасы.
Әсіресе «Набат операциясы» фильмі көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Көрсетілімнен кейін басты рөлді ойнаған актер Бақыт Хаджибаев келген қонақтармен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді және албан БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Бұл ашық диалог албан жұртшылығының қазақ киносы мен мәдениетіне деген шынайы қызығушылығын көрсетті.
Албаниядағы Қазақстан мәдениеті күндері екіжақты гуманитарлық байланыстарды дамыту жолындағы маңызды қадам болды. Іс-шара халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға және мәдени алмасуға жол ашты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-albania/press/news/details/1092173?lang=kk