Республика күніне орай Джакартада салтанатты іс-шара өтті
23.10.2025 20:40:57 183
Джакарта, 23 қазан, 2025 жыл - Республика күніне орай Джакартада екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық және іскерлік байланыстарды нығайту мақсатында 2024 жылы құрылған «Қазақстан-Индонезия достық қоғамының» екінші отырысы өтті. Іс-шараға Индонезия мемлекеттік органдарының, қоғамдық және шығармашылық топтарының, бизнес-қоғамдастығының өкілдері және ҚР азаматтары қатысты.
Қазақстан Елшісі Сержан Әбдікәрімов Қоғам мүшелеріне 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған еліміздің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның тарихи маңыздылығы, Қазақстан-Индонезия әріптестігінің қазіргі жағдайы мен болашағы, ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты қыркүйек айында Қазақстан халықына арнаған Жолдауында қойған міндеттер аясында Қазақстанның қазіргі дамуы жөнінде мәлім етті. Осыған орай, дипломат Қазақстан мен Индонезия арасындағы өзара қызығушылық салалардағы көп қырлы ынтымақтастықты кеңейту үшін үлкен әлеуеттің, жаңа бағыттардың және қолайлы мүмкіндіктердің бар екенін атап өтті.
Отырыстың екінші бөлімі Абай Құнанбайұлының 180-жылдығын мерекелеу шеңберінде Индонезия тіліне аударылған ұлы ақын мен ағартушының «Қара сөздері» кітабының екінші басылымының тұсаукесерін қамтыды. ҚР Елшісі Абайдың көптеген шет тілдерге аударылған шығармалары жалпыадамзаттық құндылықтарға толы болуына орай, Абайдың бай мұрасы қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін рухани бағдар болғанын мәлімдеді. Өйткені, дипломат бұл кітап индонезиялық достарға қазақтардың жан дүниесін жақсы түсінуге, екі достас ел халықтары арасындағы мәдени және адами байланыстарды нығайтуға мүмкіндік беретініне сенімін білдірді. Іс-шара аясында қонақтарға Абайдың өмірі мен қызметі туралы фильм көрсетіліп, оның әйгілі «Көзімнің қарасы», «Айтым сәлем Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» шығармалары, қазақ билері, сондай-ақ домбыра мен фортепианодағы басқа да танымал композициялар орындалды.
Кездесуге қатысушылар Индонезия халқы атынан Қазақстан халқын Республика күнімен шынайы құттықтап, екі ел арасындағы өзара тиімді инвестициялық, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтуды жалғастыру ниетін растады.
Қонақтар сонымен қатар ұлттық қазақ тағамдарынан дәм тату мүмкіндігіне ие болды. Оған қоса Қазақстанның әдемі табиғи ландшафттары бейнеленген фотокөрме де жайғастырылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-jakarta/press/news/details/1092184?lang=kk