Қазақстандық бітімгерлер стресс-менеджмент әдістерін меңгеруде
24.10.2025 13:21:34 70
ҚР Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығында Біріккен Ұлттар Ұйымының Голан жоталарындағы бөлінуді бақылау миссиясына (UNDOF) қатысуға жіберілетін 3-ші ұлттық контингенттің қызметкерлеріне психологиялық дайындық сабақтары өткізілді.
Психологиялық дайындық – әскери қызметшілерді бітімгерлік контингент құрамында міндеттерді орындауға дайындау кешенінің ажырамас бөлігі. Оқу жұмыстары күйзеліске төзімділікті қалыптастыруға, эмоционалдық тұрақтылықты сақтауға және халықаралық ортада тиімді қарым-қатынас дағдыларын дамытуға бағытталған.
Орталықтың психологиялық қызметінің офицері капитан Сәнді Смағұлова әскери қызметшілерге эмоциялық жағдайды басқару, стресс-менеджмент, командалық ынтымақтастық және алғашқы психологиялық көмек көрсету бойынша тренингтер жүргізді.
– Бітімгерлер – жай әскери қызметшілер емес, олар формадағы дипломаттар. Олардың психологиялық тұрақтылығы – міндеттердің тиімді орындалуы мен контингенттің қауіпсіздігінің кепілі. Біз әскери қызметшілерімізді көпұлтты ортаға қызмет етуге дайындаймыз, онда сабыр сақтап, кез келген жағдайда салмақты шешім қабылдау маңызды, – деді капитан С. Смағұлова.
Жоғары деңгейдегі даярлық қазақстандық бітімгерлерге халықаралық бітімгерлік күштері құрамында тапсырмаларды мінсіз орындауға мүмкіндік береді. Осылайша олар халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға өз үлестерін қосуда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1092651?lang=kk