Шетелдік мамандар Қазақстандағы археологиялық ғылымның даму бағытын талқылады

Шетелдік мамандар Қазақстандағы археологиялық ғылымның даму бағытын талқылады

24.10.2025 15:11:54 96

Есік мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Археология саласындағы халықаралық зерттеулер: тәжірибе, нәтижелері мен басым бағыттары» тақырыбында «Есік оқулары» VI Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Халықаралық конференцияға Қазақстан, Қытай, Ұлыбритания, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия және Әзербайжаннан келген археологтар мен музей ісінің мамандары қатысты.

Конференция бірқатар маңызды тарихи оқиғалармен тұспа-тұс келді. Атап айтсақ, биыл Алтын адамның табылғанына 55 жыл, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің құрылғанына 15 жыл, сондай-ақ көрнекті археолог-ғалым Бекмұханбет Нұрмұханбетовтың туғанына 90 жыл толып отыр.

Іс-шара барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкенов елімізде тарихи-мәдени мұраны зерттеу, сақтау және насихаттау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын және бұл бағытта мұндай ғылыми іс-шаралардың маңызы зор екенін атап өтті.

Музей-қорық ашылған күннен бастап музей қызметін көрсетіп қана қоймай, ғылыми-зерттеу орталығы ретінде де белсенді жұмыстар атқаруда. 2017 жылдан бері Шэньси провинциясының Археология институтымен (ҚХР) тығыз әріптестік байланыс орнатылды, нәтижесінде бірқатар бірлескен ғылыми жоба жүзеге асырылды. Атап айтсақ, Қытайдың Солтүстік-Батыс университетінің Жібек жолы археологиясын зерттеу орталығының Қазақстандағы филиалы жұмыс істеп тұр.

Пленарлық отырыстар мен секциялық сессиялар барысында Қазақстандағы археологиялық ескерткіштерді сақтау мен тиімді пайдалану, тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау әдістері, пәнаралық зерттеулер мен музей ісіндегі заманауи міндеттер кеңінен талқыланды. Сондай-ақ конференцияда археология ғылымының дамуына зор үлес қосқан Бекмұханбет Нұрмұханбетовтың ғылыми жолы да сөз етілді.

Бағдарлама аясында «Рахат археологиялық кешені» атты монография мен «Есік» мемлекеттік музей-қорығы жөніндегі алғашқы қытай тіліндегі нұсқаулықтың тұсаукесері өтті. Сонымен қатар, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Талғар (Талхиз) ортағасырлық қалашығының аумағында «Талхиз қазыналары» көшпелі көрмесі ұйымдастырылды.

Конференция қорытындысы бойынша тарихи-мәдени мұраны қорғау мен тиімді пайдалану, археологиялық зерттеулердің теориялық және қолданбалы аспектілерін дамыту, халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағыттарында қабылданған Резолюция жарияланды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1092709?lang=kk