Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының шекара маңындағы кеден органдары басшыларының кездесуі қорытындысы бойынша
24.10.2025 19:22:32 112
2025 жылғы 20–22 қазан аралығында Үрімші қаласында Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының шекара маңындағы кеден органдары басшыларының кездесуі өтті.
Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Кедендік бақылау департаменті директорының міндетін атқарушы Ғабит Оразов, қытайлық делегацияны Қытай Халық Республикасының Үрімші кеден басқармасының басшысы Хао Вэймин басқарды. Кездесуге сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері қатысты.
Кездесу барысында тараптар бірқатар өзекті мәселелерді талқылап, шекаралық өткізу пункттерінің өткізу қабілетін арттыру жөнінде уағдаластыққа келді. Соңғы үш жылда бұл бағытта тұрақты өсім байқалады.
Қабылданған бірлескен шаралардың нәтижесінде Қазақстан–Қытай шекарасындағы өткізу қабілеті: 2023 жылы 119%-ға, 2024 жылы 81%-ға, ал 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша – 23%-ға артты.
Тараптар шекаралық өткізу пункттеріндегі жағдай туралы жедел ақпарат алмасуды жолға қоюға уағдаласты. Бұл шара шекарада көлік құралдарының жиналуына жедел әрекет ету мен реттеуді қамтамасыз етуге бағытталған.
Келіссөздер қорытындысы бойынша жақын перспективада ынтымақтастықты дамыту жөнінде бірқатар шешімдер қабылданды, оның ішінде: жеңіл автокөліктердің қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында «Алакөл» өткізу пунктін қайта ашу, «Қалжат» – «Дулаты» өткізу пункттерінің жұмыс уақытын оңтайландыру, өкілетті экономикалық операторларды өзара тану бағдарламасын іске асыру, инспекциялық-тексеру кешендерінің суреттерін өзара тану, автомобиль өткізу пункттеріндегі тар тұстарды бірлесіп зерделеу, ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау саласындағы ынтымақтастықты нығайту.
Сонымен қатар, тараптар Қазақстан аумағы арқылы автокөлік транзитін жеңілдету мәселелері бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге ниет білдірді. Бұл бағытта қазақстандық тараптың «тегіс транзит» («жіксіз транзит») тәжірибесін енгізу және автомобиль көлігі туралы халықаралық конвенцияның ережелерін кеңінен қолдану жоспарлануда.
Бірқатар уағдаластықтар бойынша тараптар жақын уақытта қосымша консультациялар өткізуді жоспарлап отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd/press/news/details/1093204?lang=kk