Қонаев аспанында желбіреген Ту, марапаттар, жастар және шабыт: Алматы облысында Республика күні қалай аталып өтті?
25.10.2025 14:50:32 245
Республика күні Алматы облысында биыл да кең ауқымда, ерекше салтанатпен аталып өтті. Өңірдің барлық аудан-қалаларында Мемлекеттік Ту көтеру рәсімдері ұйымдастырылып, мыңдаған тұрғындар Қазақстанның тәуелсіздігі мен бірлігінің символы астында бірікті.
Басты мерекелік жиын облыс орталығы – Қонаев қаласында өтті. Әскери оркестрдің әуенімен және Қазақстанның халық әртісі Талғат Күзембаев тебірене орындаған Мемлекеттік Гимн кезінде алаң үстінде Мемлекеттік штандарт көкке көтеріліп, мерекелік рух асқақтады.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жиналған жұртшылықты құттықтап, Республика күні – жай ғана күн емес, елдің егемендік тарихындағы ең маңызды белестердің бірі екенін айтты.
«1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылданды. Дәл осы күннен бастап Тәуелсіздікке бастар жол басталды. Бұл күн барша қазақстандықтарды біріктіріп, мемлекеттіліктің және егемендіктің символына айналды. Еліміз дами берсін, ал тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! Соңғы үш жылда Алматы облысының жалпы өңірлік өнімі екі есеге жуық өсіп, 3,4 триллион теңгеден 6 триллион теңгеге жетті. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 10 пайыздан асты. Өңірге 9,6 триллион теңге инвестиция тартылып, 720 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда облыста 1700-ге жуық өнеркәсіп нысаны мен 156 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеп тұр. Соның нәтижесінде Алматы облысы республика бойынша 10-орыннан 5-орынға көтерілді. Бұл – өңір тұрғындарының бірлігі мен еңбегінің нақты жемісі», – деді аймақ басшысы.
Биыл осы тарихи құжатқа 35 жыл толып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Республика күні қайтадан ұлттық мереке мәртебесін иеленді.
Салтанатты жиында елдің дамуына үлес қосып жүрген белсенді азаматтар, қоғам қайраткерлері және этномәдени бірлестік өкілдері марапатталды. Оларға Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медальдары, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыс етілді. Бұл азаматтар – бейбітшілік пен келісім құндылықтарын дәріптеген тұлғалар, олардың еңбегі – өңірдің мақтанышы.
Мереке күні жастарға да ерекше назар аударылды. Президент бастамасымен енгізілген «Тәуелсіздік ұрпақтары» аймақтық гранттары табысталып, бұл сәт мерекенің ең әсерлі кезеңдерінің біріне айналды.
Ғылым, мәдениет, бизнес, IT және медиа салаларында өз жобаларын жүзеге асырып жүрген он талантты жас қазақстандық 1 миллион теңгеден грант иеленді. Олардың қатарында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту құрылғыларының авторлары, домбыраны цифрлық үйрету жүйесін әзірлеушілер, экологиялық стартаптар мен білім мен медицина саласына арналған жасанды интеллект жобалары бар. Бұл бастамалар – тәуелсіз Қазақстан жастарының креативтілігі мен жасампаз қуатының нақты көрінісі.
«Бұл марапат – тек менің еңбегім емес, бүкіл ұжымның еңбегіне берілген баға. Тәуелсіз елдің дамуына үлес қосу – әр азаматтың борышы. Еліміздің өркендеуіне қызмет ету – үлкен абырой», – деді «Құрмет» орденінің иегері Дінмұхаммед Күзиев.
Мерекенің ең жылы сәттерінің бірі – Қазақстанның халық әртісі, «Ақжауын» оркестрінің көркемдік жетекшісі Секен Тұрысбекке жаңа пәтер кілтін табыстау болды. Бұл сыйлық – оның ұлттық мәдениетті дамыту мен рухани дәстүрді сақтау жолындағы еңбегіне көрсетілген зор құрмет. Пәтер кілтін «Элитстрой» компаниясының вице-президенті Лаура Рисмұхамедова табыстады.
«Бұл мен үшін үлкен қуаныш әрі зор жауапкершілік. Өнер – ұлттың рухы. Мемлекет мәдениетке осылай құрмет көрсету арқылы руханияттың мәңгілік екенін дәлелдеп отыр», – деді Секен Тұрысбек.
Салтанатты шара Мемлекеттік Гимнді бірлесе орындаумен және өңірдің үздік өнерпаздары қатысқан үлкен концертпен аяқталды.
Жарқыраған сахна, шаттыққа толы алаң мен елге деген ортақ мақтаныш – биылғы Республика күнінің басты лейтмотивіне айналды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1093407?lang=kk