Алматы облысында Мемлекеттік наградалар табысталды

Алматы облысында Мемлекеттік наградалар табысталды

25.10.2025 15:20:49 181

Республика күні қарсаңында Алматы облысында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Іс-шарада облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жиналғандарды мерекемен құттықтап, ел дамуына сүбелі үлес қосқан өңір азаматтарына мемлекеттік және қоғамдық наградаларды табыс етті.

Аким атап өткендей, бұл марапаттар – әр салада адал еңбек етіп, туған өлкенің өркендеуіне үлес қосқан жандардың еңбегіне берілген жоғары баға.
«Еліміздің дамуы – сіздердің күнделікті еңбектеріңіздің нәтижесі. Республика күні қарсаңында табыс етілген бұл марапаттар – мемлекет тарапынан еңбектеріңізге білдірілген құрмет пен алғыс», – деді Марат Сұлтанғазиев.

Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 21 қазандағы №1053 Жарлығына сәйкес бірқатар азаматтар мемлекеттік марапаттарға ие болды.

ІІ дәрежелі «Барыс» ордені Кеген ауданындағы «Ақтоғай» ГЭС бас директоры Тоқтарбек Баймолдаевқа табыс етілді.
«Құрмет» орденімен Қанымжан Сұлтанқұлова, Роза Абилова, Қуат Байғоджаев, Зинаш Күштекова, Бақыт Онланбекұлы, Қали Сатпаев, Динмухамед Кузиев марапатталды.
III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені Кеген ауданындағы шаруа қожалығының төрағасы Болат Аумолдаевқа берілді.

Сонымен қатар өңірдің түрлі салаларында еңбек етіп жүрген азаматтар «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен және «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Олардың қатарында дәрігерлер, ұстаздар, кәсіпкерлер, мәдениет пен әлеуметтік сала қызметкерлері бар.

Қазақстан халқы Ассамблеясының наградалары да салтанатты түрде тапсырылды. Ел бірлігін нығайтуға қосқан үлесі үшін Гамзе Гейдаров пен Гулипа Гайипова «Бірлік» қоғамдық алтын медалімен, ал Нурмахамет Арипов, Мақсат Сейдалиев, Исмаил Байрамов Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттармен марапатталды.

Бұдан бөлек, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан он екі азаматқа «Аймаққа еңбегі үшін» төсбелгісі табыс етілді.

Іс-шара соңында облыс әкімі марапат иелеріне денсаулық, жаңа табыстар мен ел игілігі жолындағы қажырлы еңбектеріне сәттілік тіледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1093418?lang=kk