Қонаев аспанында Қазақстанның Әнұраны шырқалды
25.10.2025 20:41:52 183Алматы облысында Республика күні ерекше форматта аталып өтті — дрон-шоу, 15 мың көрерменнің қатысуымен Әнұранның бірегей орындалуы және мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Қонаев қаласында Республика күніне орай алғаш рет ауқымды дрон-шоу өтті. Бұл — мерекелік іс-шаралардың шарықтау шегі болды. Орталық алаңға жиналған 15 мыңға жуық тұрғын мен қонақтар Қазақстан аспанын жарық пен әуенге толтырған ерекше көріністі тамашалады.
Кешкі аспанға көтерілген 550 дрон ел тарихын, бірлігін және рухын айшықтаған әсерлі көрініс ұсынды. Шоудың ең шарықтау сәті — дрондар арқылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұранының сөздері аспанда жарқырап жазылуы болды:
«Менің елім, менің елім, гүлің болып егілемін.
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!»
Бұл сәтте бүкіл алаңдағы көрермен мен өнерпаздар Әнұранды бірге шырқады. Мыңдаған дауыс бірігіп, қуатты үнге айналды. Бұл әсерлі орындау мерекенің рухын сездіріп, елге деген мақтаныш пен сүйіспеншіліктің нышанына айналды.
Дрон-шоу барысында аспанда еліміздің басты рәміздері мен бейнелері бірінен соң бірі пайда болды: Қазақстан картасы, мемлекеттік ту, домбыра мен нота, «Алтын адам», барыс, алма және «25 қазан – Республика күні» деген жазу. Сондай-ақ «Заң мен тәртіп — Закон и порядок» деген композиция әділетті әрі мықты мемлекеттің идеясын айқындады.
Шоудың соңында дрондар «жүрек пішінін жасаған қолдар» мен «Қонаев қаласы» деген жазуды бейнеледі. Бұл көрініс қала тұрғындарының сүйіспеншілігі мен бірлігін білдірді.
Мерекелік кеш концертпен жалғасты. Сахнада Хансұлтан, Мөлдір Әуелбекова, Қуандық Рахым, Асылбек Енсепов, Esko, Ray, Нұрсұлтан Нұрбердиев, Il Canto квартеті және өңірдің басқа да танымал әртістері өнер көрсетті. Кештің жүргізушілері – Руслан Арманұлы мен Мұрат Мұтырғанов болды.
Қонаев аспанын жарыққа бөлеген дрон-шоу мен әсерлі концерт Республика күні мерекесінің басты сәні мен рухани көрінісіне айналып, қала тұрғындары мен қонақтарының есінде ұзақ сақталды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1093486?lang=kk