Үйлер, мектептер және өндіріс орындары: Алматы облысында инфрақұрылым қарқынды жаңарып жатыр

Үйлер, мектептер және өндіріс орындары: Алматы облысында инфрақұрылым қарқынды жаңарып жатыр

28.10.2025 16:11:17 156

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарына жұмыс сапарымен барып, бірқатар маңызды нысандардың құрылысымен және жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Сапар барысында ол су жүйелерінен бастап тұрғын үйлер мен мектеп, сондай-ақ жануарларға арналған жем өндірісіне дейінгі жобаларды аралап көрді. Әр нысанда мерзім, сапа және нақты нәтижелер талқыланды.

Талғардағы магистральды су құбыры – өңірдің маңызды жобасы

Сапардың алғашқы нысаны – Талғар қаласындағы селден қорғау бөгетінен №2 учаскеге дейін тартылып жатқан магистральды су құбыры болды. Оның ұзындығы – 22,5 шақырым, жалпы құны – 4,6 млрд теңге, бүгінде шамамен 1,3 млрд теңге игерілген.

Қазір магистральдық құбырларды монтаждау және резервуарларды гидрооқшаулау жұмыстары аяқталуға жақын. Алайда соңғы кезеңді толық бітіру үшін қосымша қаржы қажет. Тексеру барысында ішкі инженерлік желілерді қосу және зертханалық жабдықтар жеткізу мәселесі талқыланды.

“Су – өмірдің негізі. Бұл жобаны дер кезінде және сапалы аяқтау өте маңызды”, – деді Марат Сұлтанғазиев.

Жаңа тұрғын үйлер – Талғарлықтар үшін көптен күткен баспана

Келесі нысан – Талғар қаласында бой көтерген жаңа тоғыз қабатты тұрғын үйлер. Үш үйдің құрылысы толық аяқталған, пәтерлер қоныстануға дайын: әр үйде ішкі әрлеу, сантехника мен жылыту жүйелері орнатылған. Тағы екі үйдің құрылысы соңғы сатыда жүріп жатыр.

Бұл жоба көптеген тұрғындар үшін өз баспанасына қол жеткізу мүмкіндігін бермек.

Еңбекшіқазақ ауданындағы өндіріс: отандық жем өндірісі дамып келеді

Сапар барысында облыс әкімі Еңбекшіқазақ ауданының Қойшыбек ауылындағы Asia Pets зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорын Mascot брендімен үй жануарларына арналған жем өндіреді. Зауытта 25 адам еңбек етуде.

Өндіріс неміс технологиясы негізінде ет қалдықтарын өңдеуге және кептіруге бағытталған, бұл дайын өнімнің пайдалы қасиеттерін сақтауға мүмкіндік береді.

“Біз әдетте кәдеге жарамайтын шикізатқа екінші өмір береміз. Ал біздің өнім мыңдаған үй жануарының денсаулығына пайдасын тигізеді. Болашақта қызметтік иттерге арналған жем шығаруды да жоспарлап отырмыз”, – деді зауыт директоры Руслан Іргебаев.

Есік қаласында жаңа тұрғын үй кешені салынып жатыр

Келесі нысан – Есік қаласындағы жаңа тұрғын үй кешені. Мұнда үш 60 пәтерлі және бір 40 пәтерлі үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жобаның жалпы құны – 3 млрд теңге, оның екіден үш бөлігі игерілген. Құрылыс 2026 жылдың тамыз айында аяқталады деп жоспарлануда.

Абылай хан атындағы мектепке – жаңа тыныс

Сапардың соңғы нүктесі – Есік қаласындағы Абылай хан атындағы орта мектеп болды. 1938 жылы салынған бұл тарихи ғимарат алғаш рет күрделі жөндеуден өтуде. Қазіргі уақытта жұмыстардың 90%-ы аяқталған, ал кешігу тек рұқсат құжаттарының рәсімделуіне байланысты болған.

Мектепті жыл соңына дейін толық ашу жоспарланып отыр. Әкім оқу сыныптары мен спорт залын аралап, аула аумағында қосымша волейбол және баскетбол алаңдарын салуды ұсынды.

Нәтиже мен жоспар

Әр нысанда қаржыландыру көздері, субсидия қажеттілігі және келісімшарттарды жеделдету мәселелері қаралды.

“Басты назар – нақты жұмыс пен нәтиже. Әр тиынның қайда жұмсалып жатқанын көріп, нысандардың дер кезінде пайдалануға берілуін қадағалау қажет”, – деп түйіндеді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Сапар қорытындысы бойынша нақты міндеттер белгіленді:
• тұрғын үйлердегі әрлеу жұмыстарын аяқтау;
• мектеп пен су құбырына арналған жабдықтарды уақытылы жеткізу;
• барлық нысандардың іске қосылу кестесін нақтылау.

Алматы облысында жүзеге асып жатқан бұл жобалар өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1094334?lang=kk