Қорғаныс министрі жаңадан ашылған әскери-спорт колледжінің кадеттерімен кездесті

Қорғаныс министрі жаңадан ашылған әскери-спорт колледжінің кадеттерімен кездесті

30.10.2025 18:21:36 119

Алматы өңірлік гарнизонына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов биыл ашылған Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжінің кадеттерімен кездесті.
Қорғаныс ведомствосының басшысы оқу орнының инфрақұрылымын қарап, кадеттерге жасалған тұрмыстық жағдайлармен танысты.
Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының төрағасы полковник Арман Әбеуов оқу-материалдық базаны таныстырып, жаңартылған оқу корпустарын, заманауи спорт және жаттығу залдарын, бассейнді, спорт секцияларындағы дайындық барысын көрсетті.
Ол алдағы уақытта шахмат клубын ашу жоспарланып отырғанын, сондай-ақ колледж тәрбиеленушілері әртүрлі спорт түрлерінен облыстық және республикалық жарыстарда топ жарып жүргенін айтты.
Кадеттермен әңгіме барысында Қорғаныс министрі колледждің ашылған күннен бастап жастар арасында үлкен қызығушылық тудырғанын атап өтті.
– Алғашқы қабылдау біз күткеннен де жоғары болды. Бір орынға шамамен 40 үміткерден келді. Бүгін мен үздіктердің үздігімен жүздесіп отырмын. Спортта зор жетістіктерге жетулеріңізді және армия саңлақтары Айдос Сұлтанғали, Алуа Балқыбекова және Марат Байқамұров сынды чемпиондардан үлгі алуларыңызға тілектеспін, – деді авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов.
Министр, сондай-ақ, келесі жазда Астанада бесінші әлемдік кадет ойындары өтетінін еске салды. Бұл жарыстарға бокс, қазақ күресі, жеңіл атлетика, жүзу және шағын футбол кіреді.
– Әскери-спорт колледжінің кадеттері осы ойындарда биік тұғырдан көрініп, әлемге қазақстандық армия спортының жоғары деңгейін көрсететініне сенімдімін, – деді Қорғаныс министрі өз сөзінің қорытындысында.
Кездесу соңында министр кадеттермен асханада бейресми жағдайда сөйлесіп, олармен бірге түскі ас ішті.
Қорғаныс министрлігінің Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжі алғашқы қабылдауын 2025 жылғы 1 қыркүйекте өткізді. Оқу орны жалпы білім беруді, әскери және спорттық дайындықты біріктіреді.
Оқу бағдарламасы кіші командирлер мен жауынгерлік және дене дайындығы бойынша нұсқаушыларды даярлауға, сондай-ақ «жаттықтырушы-нұсқаушы» мамандығын меңгеруге бағытталған. Бағдарламада жалпы білім беретін пәндермен қатар әскери-қолданбалы, олимпиадалық және ұлттық спорт түрлері, сондай-ақ арнайы факультативтер қамтылған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1096257?lang=kk