Қарулы күштер әскери байланысшылар күнін атап өтуде
31.10.2025 08:41:41 157
1994 жылдың 31 қазанында Қорғаныс министрінің директивасымен ҚР Қарулы күштері Бас штабының Байланыс басқармасы құрылды. Бұл атаулы дата Қазақстан армиясындағы әскери байланыстың заманауи жүйесін дамытудың негізі болды.
Қазіргі уақытта байланыс әскерлері заманауи автоматтандырылған басқару жүйелерімен, деректерді беру тораптарын қорғау құралдарымен, радиорелелік және спутниктік кешендермен жабдықталған жоғары мобильді бөлімшелер болып табылады.
Байланыс әскерлерінің мамандары тәулік бойы бағынысты құрамаларды, бөлімдерді, бөлімшелерді, жауынгерлік құралдар мен қаруды үздіксіз әрі ұдайы басқарады. Олар өздерінің жоғары кәсібилігін стратегиялық, командалық-штабтық, арнайы жаттығулар мен оқу-жаттығуларда қашанда дәлелдеп келеді.
Биылғы өткен «Жауынгерлік достастық», «Десант», «Айбалта», «Бекет» жаттығуларында әскери байланысшылардың үйлесімді, сауатты іс-қимылдары қойылған міндеттерді табысты орындаудың кепілі болды. Оларды жүргізу кезінде әскери қызметшілер далалық тораптарды орналастыруды, байланыс желілерінің тұрақты жұмыс істеуін, барлық деңгейдегі штабтар мен бөлімшелер арасында қорғалған ақпарат алмасуды қамтамасыз етті.
Магистранттар мен докторанттарды бейінді бағыттар бойынша кәсіби даярлау ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің байланыс және ақпараттық қауіпсіздік кафедрасында жүзеге асырылады. Байланыс офицерлерін Алматы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында, сержанттар құрамын Сағадат Нұрмағамбетов атындағы астаналық әскери колледжде дайындайды. Алматы облысындағы байланыс әскерлерінің оқу орталығында мерзімді қызмет сарбаздары кіші деңгейдегі әскери-есептік мамандықтардың негіздерін үйренеді.
Әскерлерді басқару жүйесінде әскери байланысшылар сенімді коммуникация кепілі болып табылады. Олар әскерлердің күнделікті өмірін, жауынгерлік кезекшілікті, жауынгерлік дайындықты ұйымдастыруды, одан басқа Қарулы күштердің қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге әркез дайындығын қамтамасыз етеді. Олар бұл миссияны абыроймен, жауапкершілікпен және жоғары кәсіби деңгейде орындайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1096398?lang=kk