Қорғаныс министрі Ресей және Беларусь әріптестерімен келіссөздер өткізді
31.10.2025 10:31:51 126
ТМД-ға мүше мемлекеттердің Қорғаныс министрлері кеңесінің 85-отырысы аясында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі Андрей Белоусовпен келіссөздер жүргізді.
Тараптар өңірлік қауіпсіздік мәселелерін, әскери кадрларды даярлау және әскери-патриоттық тәрбиелеу саласындағы екіжақты ынтымақтастықты талқылады.
Авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жиынын ұйымдастыруға көрсеткен қолдауы үшін ресейлік әріптестеріне алғыс білдірді.
– Бұл шара жастар арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтудың тиімді құралы болып табылады. 2026 жылы біз оны Щучинск қаласында өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы іс-шараға сіздердің командаларыңызды қуана қарсы аламыз, – деді ведомство басшысы.
Тараптардың пікірінше, өткен келіссөздер Қазақстан мен Ресейдің қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы стратегиялық әріптестігін одан әрі нығайтуға ықпал етеді.
Бұдан бөлек, Қазақстанның Қорғаныс министрі Беларусь Республикасының Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Виктор Хренинмен кездесті. Кездесу барысында тараптар өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады.
Дәурен Қосанов Қазақстан мен Беларусь арасындағы әскери саладағы ынтымақтастық табысты дамып келе жатқанын және зор әлеуетке ие екенін атап өтті.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Ресей және Беларусь қорғаныс ведомстволары арасындағы 2026 жылға арналған әскери ынтымақтастық жоспарына қол қойылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1096526?lang=kk