Диалог – өзара сенім мен келісімнің бастауы

Диалог – өзара сенім мен келісімнің бастауы

05.11.2025 16:51:02 143

Алматы облысында медиация және этномедиация мәселелеріне арналған кездесу өтті. Іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елдесу және татуласу» жобасы аясында ұйымдастырылып, оған этномәдени бірлестіктердің өкілдері, кәсіби медиаторлар, педагогтар мен қоғам белсенділері қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – қазіргі заманғы диалог пен делдалдық тәсілдерінің түрлі этностар өкілдері арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтудағы, сондай-ақ келіспеушіліктердің алдын алудағы маңызын талқылау болды.

Жиынды ашқан облыс әкімінің міндетін атқарушы Қанат Есболатов этномедиацияның қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтаудағы рөлін ерекше атап өтті.

«Этномедиация келіспеушіліктерді ерте анықтап, тараптар үшін құрмет пен сенімге негізделген ашық диалог алаңын қалыптастырады. Бұл – қоғамдық келісім мен өзара түсіністікті нығайтудың маңызды тетігі», – деді Қанат Есболатов.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Жақұпов медиация және этномедиация бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелерін баяндады. Биылғы жылдың он айында 70-тен астам іс-шара өткізіліп, үш мыңға жуық тұрғын қамтылған.

«Көптеген даулар сотқа дейін шешімін тапты. Олардың арасында отбасылық, қаржылық және ұрпақаралық келіспеушіліктер бар. Сонымен қатар кәсіби медиаторлардың саны да артып келеді», – деп атап өтті Ерлан Жақұпов.

Кездесу барысында мектеп медиациясының маңызына да назар аударылды. Грек этномәдени бірлестігі «Элефтерияның» төрайымы Наталья Тифанциди балаларда келісімге келу және өзара түсінісу дағдыларын ерте жастан қалыптастыру қажеттігін айтты.

«Мектеп – балалар диалог пен келісімге алғаш қадам жасайтын орта. Егер бала кішкентайынан өзара сыйластық пен түсіністіктің маңызын ұғынса, бұл болашақ бейбіт қоғамның негізін қалайды», – деді Наталья Тифанциди.

Облыстық мәслихат депутаты Меруерт Молдашева «Ана медиациясы» жобасымен таныстырды. Бұл бастама отбасылық және ұрпақаралық дауларды шешуде әйелдерді бітімгер әрі кеңесші ретінде тартуға бағытталған.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Ронаи» күрд этномәдени орталығының жетекшісі Гамзе Гейдаров өңірдегі этностар арасындағы ынтымақтастық пен достықты нығайту бағытындағы жұмыстар туралы айтты. Мәселен, Іле ауданында барлық этностардың өкілдерін біріктіретін «Комитет-Курултай» құрылып, онда мәдени және спорттық іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Бұл шаралар халық арасындағы өзара түсіністік пен сенімнің нығаюына ықпал етуде.

Кездесу қорытындысында қатысушылар медиативтік тәжірибені кеңейтуге бағытталған бірқатар ұсыныстар енгізді. Атап айтқанда, мектеп медиаторларының желісін дамыту, этномәдени бірлестіктерді ағартушылық жұмыстарға тарту және келісім мен өзара құрмет құндылықтарын насихаттайтын ақпараттық кампаниялар ұйымдастыру көзделді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен кәсіби медиаторлардың үйлесімді жұмысы қоғамдағы сенімді нығайтуға, диалог мәдениетін қалыптастыруға және әр азамат өзін естіген әрі қорғалған сезінетін тұрақты бейбіт қоғам құруға ықпал етуде.

Медиация мен этномедиация – заманауи қоғам мәдениетінің ажырамас бөлігі. Олар өзара түсіністікке, ынтымаққа және татулықты сақтауға негізделген тұрақты даму мен бейбіт өмірдің кепілі болып табылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1099510?lang=kk