Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың Рудный қаласына жұмыс сапары

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың Рудный қаласына жұмыс сапары

06.11.2025 11:50:29 47

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Рудный қаласына жасаған жұмыс сапары барысында экология және өнеркәсіп салаларында бастамаларды жүзеге асырып жатқан кәсіпорындардың қызметімен, сондай-ақ тамақ өнеркәсібін жаңғыртудың нәтижелерімен танысты.

Экологиялық қауіпсіздік және қалдықтарды қайта өңдеу

Сапардың маңызды нысандарының бірі – «Рудный АБАТ 2006» ЖШС-нің тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны болды.

Өңір басшысы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен қалдықтарды ұтымды басқару – облыстың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Рудный қаласында жылына 50 мың тоннаға дейін қалдықты сұрыптауға арналған заманауи кешен іске қосылды (қаланың қажеттілігі – шамамен 40 мың тонна). Бұған қоса, кәсіпорын жылына 70 мың тоннадан астам құрылыс, ағаш және өзге де қалдықтарды қайта өңдейтін мобильді кешен сатып алды.

Аталған жобаларға салынған жалпы инвестиция көлемі – 389,9 миллион теңге. Олар «Жасыл Даму» АҚ мен Кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен жүзеге асырылды.

Бұл бастамалар өңірдің экологиялық жағдайын жақсартып, қайта өңдеу деңгейін арттыруға және қоршаған ортаның ластануын азайтуға мүмкіндік береді.

«Экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін жүйелі түрде жұмыс істеу қажет – елді мекендерді абаттандырудан бастап қалдықтарды өңдеудің заманауи технологияларын енгізуге дейін. “Таза Қазақстан” бағдарламасының басты мақсаты да осы», — деді Құмар Ақсақалов.

Өнеркәсіп әлеуетін дамыту және сусын өндіру

Сапар аясында өңір басшысы сусын өндірісі бойынша облыстағы жетекші кәсіпорындардың бірі – «Фирма Арасан» ЖШС Рудный филиалына барды.

25 жыл бұрын құрылған бұл компания бүгінде қостанайлықтарға жақсы таныс «Алмұртты» сусыны секілді танымал брендтерді шығарады.

Кәсіпорында төрт өндірістік цех жұмыс істейді. Мұнда 16 түрлі сыра, 2 түрлі квас, алкогольсіз лимонадтар, сондай-ақ алюминий банка мен шыны бөтелкедегі сыра өндіріледі.

Кәсіпорынның өндірістік қуаты – жылына 100 миллион литр.

Зауытта шамамен 400 адам еңбек етеді. Соңғы жылдары компания өндірісті жаңғыртуға белсенді кірісіп, Германия мен Данияның Ziemann және Alfa Laval компанияларының заманауи жүйелерін орнатуда. Бұл сапаны арттырып, өнім түрлерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

«Өңдеуші өнеркәсіпті дамыту – стратегиялық міндет. Отандық брендтер ішкі нарықта ғана емес, сыртқы нарықта да өз орнын нықтандыруы тиіс. “Арасан” секілді кәсіпорындар өңірдің сапалы өнім шығара алатынын және оның аймақтың айнасына айнала алатынын дәлелдеп отыр», — деді Құмар Ақсақалов.

Сапар қорытындысы

Жұмыс сапарын қорытындылай келе, облыс әкімі Рудный қаласын кешенді дамыту – экологиялық жобалардан бастап өндіріс пен жаңа жұмыс орындарын құруға дейінгі бағыттардың барлығында маңызды екенін атап өтті.

Өңір басшысы кәсіпорын қызметкерлеріне аймақтың дамуына қосқан үлестері үшін алғыс айтып, одан әрі табыс, жаңғырту және инновациялық шешімдерді енгізуде сәттілік тіледі.

Сапар соңында Құмар Ақсақалов Рудный қаласының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1099952?lang=kk