Орталық Азия елдері мен АҚШ СІМ басшылары «С5+1» саммиті қарсаңында өңірлік өзара іс-қимылды дамытуды талқылады

Орталық Азия елдері мен АҚШ СІМ басшылары «С5+1» саммиті қарсаңында өңірлік өзара іс-қимылды дамытуды талқылады

06.11.2025 12:30:42 62

Вашингтон, 2025 жылғы 5 қараша – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев «С5+1» форматындағы алдағы мерейтойлық кездесуге орайластырылған салтанатты қабылдау шеңберінде Орталық Азия елдерінің сыртқы саяси ведомстволары басшыларының АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен кездесуіне қатысты.

Сұхбат барысында тараптар кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің перспективаларын, сондай-ақ сауда-инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуды қоса алғанда екіжақты күн тәртібіндегі мәселелердің кең ауқымын талқылады. Қазақстан АҚШ-тың Орталық Азиядағы жетекші экономикалық серіктесі екені аталып өтті. Тәуелсіздік жылдарында тікелей америкалық инвестициялардың жалпы ағыны 60 млрд доллардан асты, бұл олардың өңірдегі жиынтық көлемінің 80%-дан астамын құрайды.

«С5+1» форматы шеңберінде өңірлік өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды. Е.Көшербаев бұл алаң құрылған сәттен бастап он жыл ішінде ОА-да сенім, өзара түсіністік пен өркендеуді нығайтуға ықпал ететін пәрменді құралға айналғанын атап өтті.

Министрлер сондай-ақ мемлекет басшыларының екіжақты форматта және Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы көпжақты диалог шеңберінде алдағы кездесулеріне дайындықты талқылады.

Америкалық тарап өз кезегінде ынтымақтастықты нығайтуға және өңірдің орнықты дамуына бағытталған бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға, сондай-ақ серіктестікті тереңдетуге одан әрі жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1100036?lang=kk