Сауда саласындағы цифрландыру қарқынын зерттейтін CART.IS нәтижесі жарияланды
07.11.2025 14:30:25 121Зерттеу нәтижелерімен Астанада Сауда және интеграция министрлігі, QazTrade, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйым өкілдері танысты. Бұл жұмыс Қазақстанның сауда саласындағы цифрландыру қарқынын бағалап, жеделдетуді қажет ететін бағыттарды көрсетеді. Жоба Еуропалық одақ пен Халықаралық сауда орталығының қолдауымен жүзеге асуда.
Зерттеу жұмысы сыртқы экономикалық қызметке қатысы бар 27 негізгі қызметті қамтыды. Олардың 81 %-ы электронды форматта көрсетілсе, 19 %-ы әлі де қағаз түрінде қалып отыр. Сондай-ақ 15 мемлекеттік IT-жүйе өзара байланыссыз жұмыс істейтіні анықталды, олардың тек 11-і ғана ведомствоаралық электронды жүйеге қосылған, ал 14 жүйе интеграцияны қажет етеді.
CART.IS деректері көрсеткендей, трансшекаралық рәсімдердің 60 %-ы басқа елдердің жүйелерімен, ең алдымен Ресей, Қытай, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстанмен цифрлық байланысты қажет етеді. Мұндай байланыс болмаса құжат рәсімдеу қайталанып, бизнес өкілдері қосымша шығынға ұшырайды.
Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков сауда рәсімдерін оңайлату тек цифрландырумен шектелмей, мемлекеттік жүйелердің үйлесімді архитектурасын қажет ететінін айтты.
«CART.IS жай зерттеу емес. Бұл – сыртқы сауданы жылдам, ашық және болжамды етуге бағытталған нақты құрал», – деді ол.
Еуропалық одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич өз сөзінде Қазақстан Орта Азияда цифрлық трансформация саласындағы көшбасшы екенін атап өтті.
«Қазақстан цифрлық үкімет пен қағазсыз сауданы дамытуда үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Бұл – Еуропамен экономикалық байланыстарды кеңейтуге берік негіз», – деді дипломат.
Зерттеу барысында 12 мемлекеттік мекеменің тек бесеуінде ғана цифрландырумен айналысатын жеке департаменттер бар екені анықталды. QazTrade басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Құлбатыровтың айтуынша, сауданы толық қағазсыз форматқа көшіру Қазақстанның жыл сайынғы сауда айналымын 10–15 %-ға арттыра алады.
«Бұл бизнес шығындарын азайтып, экспорттық әлеуетті еселей түседі», – деді ол.
CART.IS талдауы «Ready4Trade: Транскаспий көлік дәлізі арқылы өркендеуге жол» жобасы аясында жүргізілді. Жоба Еуропалық одақтың қаржыландыруымен және Халықаралық сауда орталығының жүзеге асыруымен іске асуда. Оның мақсаты – сауда рәсімдерін жаңғырту, өңірлік байланыстарды нығайту және Орталық Азия елдеріндегі шағын және орта бизнесті қолдау.
Халықаралық сауда орталығы – Дүниежүзілік сауда ұйымы мен БҰҰ-ның бірлескен агенттігі, ол дамушы елдердің кәсіпорындарын жаһандық нарықтарға шығуға жәрдемдеседі. Ал Еуропалық одақ 27 мемлекетті біріктіріп, тұрақты даму, демократия және еркін сауда қағидаттарын ілгерілетеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1100974?lang=kk