Талғар ауданында спорттық жабдық өндіретін кәсіп табысты дамып келеді

Талғар ауданында спорттық жабдық өндіретін кәсіп табысты дамып келеді

11.11.2025 19:20:25 85

Спорттық жабдық өндіру – тек техникалық шеберлікті ғана емес, істі сүйіспеншілікпен атқаруды да талап ететін ерекше кәсіп. Осындай бағытты табысты дамытып отырғандардың бірі – «Согол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Амир Халил Тутунчи. Ол Талғар ауданының Тонкеріс ауылында өндірістік цех ашып, бүгінде өз өнімін еліміздің ірі қалаларына шығарып отыр. Компанияның өнімдеріне деген сұраныс жылдан жылға артып келеді.

Білімі бойынша Амир Халил – энергетик-инженер, ал болмысы бойынша спортты шын сүйетін жан. Ираннан келген кәсіпкер осыдан ширек ғасыр бұрын Қазақстанды өз үйі деп қабылдаған.
– "Қазақстан – мүмкіндіктер елі. Мұнда кез келген өндіріс түрін дамытуға жағдай бар. Спорттық индустрия да қарқынды дамып келеді және оған сұраныс жоғары", – дейді ол.

Кәсіпкерлік жолын ол шағын істен бастаған: жалға алынған ғимарат, ұсақ тапсырыстар, түрлі бағыттағы жұмыстар. Бір күні спортзалға барған кезде тренажерлар тапшылығын байқап, өз жабдығын шығаруға бел буады. Осылайша отандық спорттық құрал-жабдық өндірісін жолға қою идеясы дүниеге келді.

Бастапқыда жеке кәсіпкерлік ретінде жұмыс істеген «City Sport» 2012 жылы құрылып, 2022 жылы «Согол» ЖШС ретінде қайта құрылды. Қазіргі таңда кәсіпорын балалар ойын алаңдарын, сыртқы спорт тренажерларын және воркаут кешендерін шығарады.

– "2013 жылдан бері Алматы мен еліміздің өзге қалаларында 1800-ден астам жоба жүзеге асырылды. Басты мақсатымыз – бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау", – дейді Амир Тутунчи. 

Кәсіпорынның өнімдері барлық жастағы адамдарға арналған. Тренажерлар берік болат құбырлардан жасалып, ауа райына төзімді ұнтақ бояумен қапталады. Бұл жабдықтардың ыстыққа да, суыққа да, жауын-шашынға да шыдамды болуын қамтамасыз етеді.

Зауыттың айлық өндірістік қуаты – 150 тренажер мен 140 воркаут кешенін құрайды. Қазір мұнда шамамен 30 адам еңбек етеді.

Амир Тутунчи үшін бұл кәсіп – табыс көзі ғана емес, сонымен қатар адамдарды қозғалысқа, белсенді өмірге шабыттандырудың жолы. Алдағы уақытта ол өндірісті кеңейтіп, облыстың басқа аудандарында да филиалдар ашуды жоспарлап отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1103233?lang=kk