Астанада Қарулы күштердің ардагерлері әлеуметтік қолдау мен патриоттық тәрбие мәселелерін талқылады
13.11.2025 11:41:19 111
Ұлттық әскери-патриоттық орталықта Халық қаһарманы армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың төрағалығымен «Қарулы күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің пленумы өтті.
Жиынға ұйымның Орталық кеңесі мен Президиум мүшелері, Қорғаныс министрлігінің басшылығы, өңірлік филиалдардың төрағалары және Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.
Отырысты ашқан Мұхтар Алтынбаев елдің қорғаныс қабілетін нығайтудағы ардагерлердің маңызды рөлін атап өтіп, олардың белсенді еңбегі үшін алғыс білдірді.
– Ардагерлер – армияның сенімді тірегі. Олар жастардың патриоттық рухта тәрбиеленуіне атсалысып, әскери қызметтің ең үздік дәстүрлерін жаңа буынға жеткізіп келеді, – деді ол.
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары вице-адмирал Серік Борамбаев ведомствода әскери қызметшілер мен ардагерлерге әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін жетілдіру және әскерге дейінгі жастарды даярлау деңгейін арттыру бағытындағы жұмыстардың жалғасып жатқанын айтты. Сондай-ақ, ол әскери қызметшілер мен ардагерлердің әлеуметтік қорғалуы министрліктің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
– Біз Отан қорғаушыларын әлеуметтік тұрғыдан қолдауға ерекше мән береміз. Әскерилер мен ардагерлерге қамқорлық – аса маңызды міндет. Өйткені олардың болашаққа деген сенімі армиямыздың тұрақтылығы мен жауынгерлік қабілетіне тікелей әсер етеді, – деді вице-адмирал.
Пленум барысында Орталық кеңестің есептік кезеңдегі жұмысының қорытындылары шығарылды. Кеңес төрағасының орынбасары, «Қарулы күштер ардагерлері мен әскери қызметшілердің отбасылары қоры» қоғамдық қорының төрағасы запастағы генерал-майор Марат Нағұманов баяндама жасады.
Жиынға қатысушылар Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың құрылымдық бөлімшелері басшыларының қатысуымен ардагерлер көтерген өзекті мәселелерді талқылады. Әскерилер мен олардың отбасы мүшелеріне көмек көрсету, зейнетақымен және медициналық қамтамасыз ету, санаторлық-курорттық ем алу мен өзге де әлеуметтік кепілдіктер жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар қарастырылды.
Сонымен қатар, әскери зейнеткерлердің әлеуетін тиімді пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылды. Пленум соңында ардагерлер «Әлия Молдағұловаға – 100 жыл» естелік медалімен марапатталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1104402?lang=kk