Қазақстан мен Франция СІМ басшылары телефон арқылы сөйлесті
13.11.2025 18:30:52 162Астана, 2025 жылғы 13 қараша – Француз тарапының бастамасымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Француз Республикасының Еуропа және сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барромен телефон арқылы сөйлесті.
Сұхбат барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасты және өзара құрмет, сенім мен сындарлы диалогқа негізделген қазақ-француз қатынастарын одан әрі нығайту маңыздылығын атап өтті.
Министрлер өзара қызығушылық тудыратын ынтымақтастықтың кең ауқымды бағыттарын қарастырып, Астана мен Париж арасындағы серіктестікті одан әрі тереңдетуге дайын екенін білдірді.
Сұхбаттастар саяси диалогты тереңдетуге, тұрақты байланыстарды сақтауға және ведомствоаралық ынтымақтастықты жандандыруға бейілділігін растады. Атап айтқанда, 2024 жылғы қарашада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапары мен 2025 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы алаңында Нью-Йоркте өткен мемлекет басшылары кездесуінің барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру барысы талқыланды.
Қорытындылай келе, Е.Көшербаев Парижге ресми сапармен баруға дайын екенін мәлімдеді және француз әріптесін Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Франция – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің және ірі инвесторларының бірі. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 4,22 млрд АҚШ долларын құрады (экспорт – 2,89 млрд долл., импорт – 1,33 млрд долл.), ал инвестициялардың жалпы көлемі 20,4 млрд АҚШ долларынан асты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1105005?lang=kk