Астанада өткен бүкілармиялық кеңесте Қарулы күштердің үздік сержанттары анықталды

Астанада өткен бүкілармиялық кеңесте Қарулы күштердің үздік сержанттары анықталды

14.11.2025 11:00:51 85

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университетінде Қарулы күштердің бас сержанты шебер-сержант Темірбек Халықовтың басшылығымен сержанттардың бүкілармиялық кеңесі өтті.

Жиынға Қарулы күштер түрлерінің, әскер тектері мен өңірлік қолбасшылықтардың, бас басқармалар мен басқармалардың сержанттары қатысты. Іс-шара барысында 2025 оқу жылының қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған міндеттер талқыланды.

Қарулы күштердің бас сержанты шебер-сержант Темірбек Халықовтың айтуынша, кеңестің негізгі мақсаты сержанттар корпусында басым бағыттарды айқындау және оның жеке құрамды тәрбиелеудегі рөлін күшейту болды.

– Сержант – командирдің тірегі әрі бағыныстыларына үлгі. Бөлімшенің бірлігі мен жауынгерлік дайындығы солардың жауапкершілігі мен кәсібилігіне байланысты, – деді бас сержант.

Жиында тәртіп мәселесі мен қызметтік лауазымдарды толықтыруға ерекше көңіл бөлінді. Сержанттық кадрларды іріктеудің сапасын арттыру, профилактикалық жұмыстар жүргізу, әскери қызметшілерді біліктілікті арттыру курстарында дайындауды кеңейту қажеттігі атап өтілді.

Есептік кезеңдегі қызметтік нәтижелер бойынша әскери басқару органдарының рейтингі жасалды. Қарулы күштердің түрлері арасында Құрлық әскерлері (шебер-сержант Мейірбек Рақымбеков), өңірлік қолбасшылықтар мен әскер тектері арасында Әуе қорғанысы күштері әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері (штаб-сержант Толқынжан Ходиметов), бас басқармалар мен басқармалар арасында Әскери полиция бас басқармасы (штаб-сержант Алтынбек Әміржанов) үздік деп танылды.

Жеңімпаздарға ауыспалы кубоктар мен құрмет грамоталары табыс етілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1105264?lang=kk